Иранда сауда орталығындағы өрттен сегіз адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Иранның Шахрияр қаласындағы сауда орталығында болған өрт салдарынан кемінде сегіз адам көз жұмды, деп хабарлайды Иран мемлекеттік телеарнасы.
Мемлекеттік телеарнаның мәліметінше, қала Тегеран маңында орналасқан. Тағы 36 адам түрлі деңгейде жарақат алған, олардың бірқатары ауруханаға жеткізілген.
Өрт сөндіріліп, құтқару қызметтері оқиға орнында салдарды жою және үйінділерді аршу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандар ғимарат ішінде адамдардың қалып қоймағанын тексеріп жатыр.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өрттің шығуына электр жүйесіндегі ақау немесе қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болуы мүмкін. Алайда нақты себептер тергеу барысында анықталады.
Шахрияр прокуратурасы сауда орталығының құрылысына жауапты компания басшысын қамауға алу туралы шешім шығарды. Тергеу органдары өрт қауіпсіздігі нормаларының сақталуын тексеріп жатыр.
Соңғы жылдары Иранда сауда орындары мен өндірістік нысандардағы өрт оқиғалары жиілегені байқалады. Сарапшылар мұны қауіпсіздік талаптарының жеткілікті деңгейде сақталмауымен байланыстырады.
Еске сала кетсек, кеше Өскемендегі кәсіпорындардың бірінде жарылыс болды.
Соның салдарынан екі адам қаза тауып, бесеуі зардап шекті.
Сондай-ақ Қытайда фейерверк фабрикасындағы жарылыстан 21 адам қаза тауып, 61 адам зардап шекті.