Өскеменде кәсіпорындағы жарылыстан соң маңайдағы көше тұрғындарынан улану бойынша шағым түскен жоқ

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында «Қазцинк» кәсіпорнындағы жарылыстан кейін маңайдағы көше тұрғындарынан улану бойынша шағым түспеді.

Ауа сапасы
Фото: Pixabay

ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, кәсіпорындағы жарылыстан соң мамандар халық денсаулығына төнуі мүмкін қауіптерді бағалау үшін көшелерді аралап, тексеру жүргізді. 

— 12 аумақта ауа сынамалары алынды. Жалпы саны 224 сынама жиналып, зерттеу барысында 14 түрлі заттың, оның ішінде қауіптіліктің 1 және 2 класына жататын 10 заттың ауадағы мөлшері тексерілді. Зерттеу қорытындысы бойынша техникалық жарылыстар мен апаттық шығарындылар кезінде түзілетін заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асу фактілері анықталған жоқ, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ Өскемен тұрғындарынан улануға қатысты шағым түспеген. 
Осы ретте, департамент қызметкерлері қала халқын дүрбелеңге бой алдырмауға және тек ресми дереккөздерден алынған ақпаратқа сенуге шақырды.

Еске салсақ, бүгін таңертең Өскемендегі кәсіпорында жарылыс болды. 

Соның салдарынан екі адам қаза болып, бесеуі зардап шекті. 

Премьер-министр Олжас Бектенов Өскемендегі жарылысты жеке бақылауына алды. 

Жарылысқа қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.