Иранда «Ұлы пайғамбар-4» жаттығуының аясындағы зымыран сынағының бірінші кезеңі табысты аяқталды - елдің әскери қолбасшылығы
АСТАНА. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат Иранда жексенбі күні басталған «Ұлы пайғамбар-4» жаттығуы аясындағы зымыран сынағының алғашқы кезеңі табысты аяқталды.
Бұл туралы «Ислам революциясының сақшылары» корпусының (ел Қарулы күштерінің таңдаулы бөлімі) баспасөз қызметінен хабарлады.
Корпус қолбасшылығының мәліметтері бойынша, «жер-жер» класының жақын қашықтықтағы бірнеше ондаған «Найзағай» /"Тондар"/, «Жеңімпаз-110» /"Фатех-110" /, «Зілзала» /«Зальзал»/ зымырандары, ал кешке қарай орта қашықтықтағы Шахаб-1" және "Шахаб-2» ұшырылды.
Ал дүйсенбі күні Иранның ең қуатты зымырандары - қашықтық радиусы 2 мың шақырымға жететін «Шахаб-3» зымырандары ұшырылмақ.
Фарс агенттігінің ақпараты бойынша, жаттығулар барысында сондай-ақ, зымыран ұшыратын жаңа қондырғылар да сынақтан өткізілді.
«Ислам революциясының сақшылары» корпусының зымыран әскерінің «Ұлы пайғамбар-4» жаттығуы Иранда жыл сайын атап өтілетін «Қасиетті қорғаныс апталығының» аясында өтеді.