Ирандықтар 1979 жылғы Ислам революциясының 46 жылдығын атап өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Иранда Иран Ислам Республикасының құрылуына себеп болған 1979 жылғы Ислам революциясының 46 жылдығына орай жалпыұлттық шерулер өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Дүйсенбі күні таңертең адамдар Тегеран мен басқа да қалалар, елді мекендер мен ауылдардағы митингілер мен шерулерге қатысты, деп хабарлайды IRNA.
Иранның 1400 қаласы мен елді мекенінде және 35 мыңнан астам ауылда шерулер жергілікті уақыт бойынша сағат 09:30-да басталды.
Халық тарихи оқиғаның құрметіне ұрандатып, Иранның ұлттық туын желбіретті.

Иран президенті Масуд Пезешкиан Тегерандағы Азади алаңына жиналған жұртшылық алдында сөз сөйледі.
Ол 46 жыл бұрын дәл осы күні Иран халқы зұлымдарды елден қуғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Иранның табысы – ұлттық бірлік пен халықтың ұлттық істерге белсенді қатысуында.
- Дұшпандар Иран әлсіреп қалғандай әсер қалдыру үшін алауыздық пен араздық тудыруға тырысып жатыр, бірақ Ислам революциясы жетекшісінің парасаттылығы мен даналығы және халықтың оқиға орнында болуының арқасында олардың арманы орындалмайды, - деді президент.
Пезешкян аятолла Хаменеидің басшылығымен Иран өз дұшпандарының барлық қастандықтарына тойтарыс беретініне уәде берді.
- Олар өздері лаңкес болғанымен, бізді террорист деп атайды, - деген ол Иранның лаңкестіктің құрбаны екенін қоса айтып.
Кейінірек Пезешкиан өз сөзінде АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранмен келіссөздер жүргізуге ұмтылатыны туралы мәлімдемесін қабылдамай, Вашингтонның бір мезгілде Ислам Республикасын бұзуға бағытталған әрекетіне назар аударды.
- Трамп келіссөз жүргізгісі келетінін айтады, бірақ сонымен бірге ол Ислам революциясын тізе бүктіретін барлық ықтимал жоспарға қол қойып, жариялап жүр», - деді Пезешкиан Вашингтонның Иранға «максималды қысым жасау» науқанына сілтеме жасап.

- Олар келіссөз жүргізгіміз келеді дейді, егер шынымен келіссөз жүргізуді көздесеңіз, неге бұл ақымақ істерге бардыңыз? – деді Иран президенті АҚШ-тың қысым көрсету тактикасын жоққа шығарып.
Ұлттық бірліктің қажеттігін баса айтқан Пезешкиан Иранның табысы ынтымақта екенін мәлімдеді.
Президент ирандықтарға сөйлеген сөзінде ел басшысының басшылығымен әділетсіздік, кедейлік және экономикалық қиындықтармен күресуге уәде берді.
Осыған дейін Иранның АҚШ-тың кеме қатынасына қатысты жаңа санкцияларын айыптағаны туралы жаздық.
