Ирандық ядролық бағдарлама бойынша келісім ресми күшіне енді

Bloomberg агенттігі атап өткендей, келісімнің күшіне енуі барлық тараптар үш ай бұрын мойнына алған барлық міндеттерді орындауға кірісуі тиіс дегенді білдіреді. Иран мыңдаған центрифуганың консервациялап, байытылған уранның 95%-ын жойып, реакторды жаңғыртуы тиіс. АҚШ пен Еуропа санкциялардан бас тартуға дайындалуы тиіс. Олар Иран келісімдегі өз міндеттерін орындап болған соң бұл шараны жүзеге асырады.
«Бұл Иранның ядролық қаруға қолы жетпейтініне, осылайша қауіпсіз болып, Иранның халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастықты қалпына келтіруге кепілдік береді», - деген Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Филипп Хаммондтың сөзін келтірді агенттік. 2015 жылдың шілдесінде «алтылық» (Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция мен Германия) және Иран ядролық мәселе бойынша келісімге келді. Келісім бойынша Тегеран ядролық қаруды шығармауға және ядролық нысандарды бейбіт атом өндіруге ғана пайдалануға уәде береді. Ал БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі, АҚШ және Еуроодақ осыған дейін елге салынған экономикалық және қаржылық санкциялардан бас тартады.
20 шілдеде Иран мен «алтылықтың» келісімін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қолдады. Қыркүйекте АҚШ президенті Барак Обама ирандық ядролық бағдарлама бойынша келісімді құптау үшін сенаторларға қолдау көрсететінін айтты. 14 қазанда Иран конституциясы күзетінің кеңесі Тегеран мен «алтылықтың» ядролық келісімін жүзеге асыруды бекітетін заң жобасын ратификациялады.