Иранға уран жеткізу туралы келісімге Қазақстанның қатысы бар деген ақпаратта еш негіз жоқ - Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі

АСТАНА. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Иранға уран жеткізу туралы келісімге Қазақстанның қатысы бар деген ақпаратта еш негіз жоқ. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы барысында депутаттар сауалына жауап берген ҚР Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі Әсет Мағауов осылай мәлім етті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Желтоқсан айының соңына таман Қазақстанның Иранға уран жеткізетіндігі туралы қауесет бірқатар ақпарат агенттіктерінде орын алған. Онда «Қазақстан 1000-1300 тоннаға жуық уранды Иранға 450 млн. долларға сатады» дегенге саятын жалған ақпараттар жарияланған. Осы мәселені ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Сыртқы істер министрлігімен, Индустрия және сауда министрлігімен бірлесіп талқылап, арнайы жиналыс өткізді. Жалпы ақпарат агенттіктерінде жарияланған бұл хабар негізсіз қауесет болып табылады. Біріншіден, Қазақстанның уранға қатысты экспорттық бақылауы қатаң деңгейде жұмыс істейді. Елімізден бұндай химиялық, радиактивтік заттарды сыртқа шығаратын мекемелер толық бақылауда болып, олардан экспорты үшін арнайы лицензиясы да талап етіледі. Ал бұндай лицензияны алу үшін де алдымен тауар жіберілетін елдің нақтылау сертификаты болуы шарт. Екіншіден, жалған ақпаратта көрсетілген 1000-1300 тонна уран дегеніңіздің өзі Қазақстанның жылдық уран өнімінің 10 пайызын құрайды. Ал Қазақстанның бұндай көлемде уранды Иранға сатуы да мүмкін емес. Бір сөзбен айтқанда, БАҚ-та жарияланған бұндай ақпарат ешқандай да негізсіз әрі ел абыройына кір келтіретін қауесет қана», деді Ә. Мағауов.

Естеріңізге сала кетейік, былтырғы желтоқсан айының соңына таман бірқатар БАҚ-та Иран Ислам Республикасына уран жеткізу туралы әлдебір келісімге Қазақстанның қатысы бар деген ақпарат жарияланған болатын. Осыған орай, ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарып, бұны қауесет деп мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар