Иранның уақытша президенті кім болады
АСТАНА. KAZINFORM - Иран Ислам Республикасы Конституциясының 131-бабына сәйкес, президент қайтыс болған жағдайда, ел тізгінін ұстау міндеті мемлекеттік мәселелерде соңғы шешімді қабылдайтын Жоғарғы көшбасшының мақұлдауымен бірінші вице-президентке жүктеледі, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Арсен Утешев.
Аталған бапта «президент қайтыс болған жағдайда, лауазымынан босатылса, отставкаға кетсе немесе екі айдан астам уақыт сырқаттанып қалса, билік оның бірінші орынбасарына өтеді» делінген.
Қазір Иранның вице-президенті — 69 жастағы Мұхаммед Мохбер. Ол елдегі қамқоршылар кеңесін басқарады. Мохберге 2007 жылдан бері аятолла Хаменеи бұйрықтарының орындалуын қадағалау жүктелген.
Енді Иран билігі 50 күн ішінде жаңа президентті сайлауы керек. Бұл да елдің ата заңында көрсетілген. Келесі басшының сайлауын ұйымдастыру вице-президент пен парламент спикеріне және сот билігінің басшысына жүктелген.
Айта кетейік, 63 жастағы Эбрахим Раиси Иран президенті болып 2021 жылы сайланған. Келесі президенттік сайлау 2025 жылға жоспарланған еді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, президенттің тікұшақ апатына Иранның саяси, әлеуметтік және экономикалық дағдарыс мәселелері себеп болуы мүмкін. Елдің діни билеушілері ядролық қаруға көзқарастары мен Украинадағы соғыс кезінде Ресеймен әскери байланыс орнатқаны үшін халықаралық қысымға тап болды.
Жалпы Иран ислам республикасының рухани пұрсатты топтар (истеблишмент) мен үкіметтен құралатын басқару жүйесінде саяси мәселелер бойынша шешім қабылдарда соңғы сөзді ылғи да 85 жастағы Рухани көшбасшы Раиси аятолла Али Хаменеи айтады. Бұл жүйе 1989 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Марқұм Эбрахим Раиси Иранның келесі Рухани көшбасшысы болуға бірден-бір үміткер болатын.
Аударған: Алтынбек Әмит