Иранның ядролық құпия нысаны туралы не белгілі
АСТАНА. KAZINFORM — Иран астанасы Тегеранның оңтүстігіндегі таулы аймақта орналасқан Фордо уран байыту кешені елдің ядролық бағдарламасы үшін аса маңызды нысан. Израиль бұл нысанды ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер деп бағалап отыр. Алайда оның терең орналасуы Израиль қарулы күші үшін қолжетімсіз күйінде қалып келеді. Бұл туралы BBC Verify ақпараттық агенттігі зерттеу жасаған.

Фордо кешені қайда орналасқан?
BBC зерттеуі бойынша, Фордо Иранның солтүстігіндегі таулы жерде, Кум қаласына жақын, Тегераннан шамамен 96 шақырым қашықтықта орналасқан. Деректерге сүйенсек, алғашында бұл жер Ислам революциясы сақшылар корпусының туннельдері ретінде қолданылған. 2009 жылы Батыс барлау агенттігі бұл нысанның бар екенін анықтағаннан кейін Иран оның ядролық нысан екенін растаған болатын.

Нысан жер астына терең салынған, әрі әуе шабуылдарына төтеп беруге есептелген. Сонымен қатар оның ішінде уран байытуға арналған центрифугалар орналасқан, екі негізгі туннель бар деген болжам жасалған. Сондай-ақ жерасты кешеніне апаратын алты кіру жолы, қоршау және бақылау өткізу бекеті бар.

— Жер үстінде тек бір ірі қолдау ғимараты мен оған апаратын жол ғана көзге түседі, — делінген BBC таратқан ақпаратта.
Фордо жойылмайтын нысан ба?
Бұл нысанды жою Израиль әскері үшін күрделі мәселе. Израильдің қолданысындағы «бункер бұзушы» қарулар шамамен 10 метр тереңдікке дейін ғана ене алады. Ал сарапшылардың бағалауынша, Фордо кешеніндегі туннельдер 80–90 метр тереңдікте орналасқан.
АҚШ-тың қолданысында мұндай тереңдікке ене алатын жалғыз қару бар — ол GBU-57 Massive Ordnance Penetrator (MOP) деп аталатын, салмағы 13 тоннадан асатын бомба. Janes қорғаныс сараптамалық компаниясының мәліметінше, бұл бомба 18 метр бетон немесе 61 метр топырақ қабатын бұзып өтуге қабілетті.
Бұл бомба B-2 Stealth ұшағынан шамамен 12 км биіктіктен тасталады. Қозғалтқышы жоқ бұл бомба өзінің салмағы мен биіктіктен құлау арқылы жылдамдық алып, үлкен кинетикалық энергияны жинайды. Соққыдан кейін бомба жерге 60 метрге дейін еніп барып, жарылатын кешіктірілген тетік арқылы іске қосылады.
Алайда бұл бомба да Фордо кешенін толықтай жоюға кепіл бола алмайды. Айта кетсек, Ирандағы тағы бір байыту нысаны Натанз кешені жерден небәрі 20 метр тереңдікте орналасқан және Израильдің шабуылынан кейін айтарлықтай зақым алған.
АҚШ араласуы мүмкін бе?
АҚШ қазіргі таңда Ираннан Израильге бағытталған зымырандарды атып түсіруге көмектесіп отыр. Дегенмен әзірге АҚШ тікелей соққы жасаған жоқ. BBC Verify талдауына сәйкес, соңғы кездері АҚШ әуе күштері Еуропаға 30-ға жуық әскери ұшақты, соның ішінде жанармай құюға арналған KC-135 ұшақтарын жөнелткен. Бұл әрекет алдағы уақытта Таяу Шығыста әскери операциялар кеңеюі мүмкін екенін білдіреді.
Сарапшылардың пікірінше, егер АҚШ Ирандағы нысандарға қарсы MOP қолдануды жоспарласа, онда B-2 ұшақтарының Үнді мұхитындағы Диего Гарсия базасына орналасуы мүмкін. 2025 жылдың сәуір айының басында бұл базада 6 B-2 бомбалаушысы байқалған.
АҚШ президенті Дональд Трамп таяудағы баспасөз мәслихатында «Иранға қатысты сабырым таусылды» деп мәлімдеді. Ол АҚШ-тың Израиль шабуылына қосылуы мүмкін екенін, бірақ нақты шешім қабылданбағанын айтты.
— Мен шабуыл жасауым мүмкін, мүмкін жасамаспын. Бұны ешкім білмейді, — деді ол.
Бұған дейін, Халықаралық атом энергетикасы жөніндегі агенттіктің (IAEA) бас директоры Рафаэль Гросси CNN телеарнасына берген сұхбатында агенттік қолында Иранның жүйелі түрде ядролық қару әзірлеп жатқаны туралы дәлел жоқ екенін айтқан болатын.