Иранның аумағына заңсыз кірген үш АҚШ азаматын тыңшылық жасады деп айыптауда
АСТАНА. Қарашаның 10-ы. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың шілде айының соңында Иран аумағына заңсыз кірген үш АҚШ азаматына тыңшылық жасады деген айыптаулар тағылып отыр. Бұл туралы ИРНА ақпараттық агенттігіне Тегранның бас прокуроры Аббас Жафари Доулатабади хабарлады.
«Ол азаматтарға тыңшылық жасады деген айыптаулар тағылып отыр. Бұл іс бойынша тергеу амалы жалғасуда», дейді прокурор.
АҚШ азаматтары Шейн Бауэр, Сара Шурд және Джошуа Фэттэлді ирандық шекарашылар шілденің 31-інде Иран шекарасындағы Мариван елді-мекенінде ұстаған болатын. Олардың қолдарында Иракқа және Сирияға кіру визалары болған да, Иран визасы болмай шыққан. Тамыз айының басында Ақ үй Ираннан ол үш азаматты босатуды талап еткен болатын. Американ тарабының айтуынша, олар турист болған және Иракта саяхаттап жүріп, Иранның аумағына қателесіп өтіп кеткен.