Иранның Бушер қаласында құрылысына Ресей тарабы атсалысқан атом-электр стансасының ашылу рәсімі өтті

Стансаның ашылу салтанатына ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Сергей Кириенко мен Иранның Атом энергиясы жөніндегі ұйымының басшысы Әли Акбар Салехи қатысты. Бушердегі станса - Ирандағы алғашқы атом-электр стансасы.
«Росатом» басшысы Сергей Кириенко өз сөзінде атап көрсеткендей, «бұл жобаның бірегейлігі сол, мамандар стансаны осыдан 30 жылдан астам бұрын неміс компаниясы іргетасын қалаған ескі нысанның негізінде тұрғызып отыр». Бушер атом стансасын энергетикалық іске қосу шарасы 2010 жылдың соңына дейін өтеді, деп хабарлады С.Кириенко.
Өз кезегінде, Әли Акбар Салехи бүгінгі күнді есте қалатын тарихи оқиға деп атады. Ол сондай-ақ, атом стансасын тұрғызуда және алдыңғы қатарлы технологияларды игеруде Иранға көрсетіп отырған қолдаулары үшін Ресейге және ресей халқына алғыс білдірді. Оның айтуынша, Бушердегі стансаның реакторы ядролық отынмен қыркүйектің 22-сіне қарай толық қамтамасыз етілетін болады. 10 күнде атом стансасына 80 тонна уранға барабар отын жеткізілмек. Бастапқы кезеңде стансаның өнімділігі 500 мегаватты құрайтын болады деп пайымдалуда, бірақ кейіннен бұл көрсеткішті 1 мың мегаватқа жеткізу жоспарлануда.
Бушердегі атом стансасының құрылысын Siemens компаниясының батысгерманиялық Kraftwerk Unioin концерні сонау 1975 жылы бастаған болатын. Бірақ Ирандағы революциядан кейін ГФР Ислам республикасына қарсы санкцияларға қосылып, стансаның құрылысы тоқтатылған еді. 1992 жылы Тегран мен Мәскеу атом-электр стансасының құрылысын аяқтау туралы келісімшартқа отырып, оның ашылу рәсімі 1999 жылға белгіленген болатын. Бірақ та кейіннен жұмыстардың аяқталу мерзімі бірнеше рет кейінге ысырылып келді. Енді міне бүгін, 2010 жылы тамыздың 21-і күні Бушер атом-электр стансасы жұмысына кірісті.