Иранның екі тарихи ескерткіші ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілді

ТЕГРАН. Тамыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Асылбек Әділхан/ - ЮНЕСКО-ның әлем мұралары және тарих ескерткіштері комитеті өзінің 34-ші отырысында Иранның 2 тарихи және мәдени жәдігерлігін халықаралық мәдени мұра тізіміне енгізді.

Иранның екі тарихи ескерткіші ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілді

Олар - Әрдебиль қаласындағы Шейх Сәфаледдин сарайы мен Тебриз қаласындағы тарихи базар кешені.

Осы жылы Бразилияда өткен ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар комитеті отырысында 35 мемлекеттен ұсынылған тарихи және мәдени ескерткіштердің арасынан 34-і ЮНЕСКО-ның халықаралық мәдени мұралар және тарихи ескерткіштер тізіміне енді, соның екеуін Иран Ислам Республикасы ұсынған болатын.

Әрдебиль қаласындағы Шейх Сәфаледдин сарайы осы күнге дейін маңызын жоймаған тарихи және мәдени ескерткіштерге толы ғажайып жер, ал Тебриз қаласындағы тарихи базар кешені 9 көне базардан тұрады. Ол ерте кезден бері керуен жолдары ағылған үлкен сауда және мәдени орталық болған.

Бүгінге дейін ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени және тарихи ескерткіштер тізіміне енгізілген 890 жәдігерліктің ішінде ирандық 10 сәулет өнерінің бірегей туындылары бар.