13:32, 04 Қараша 2009 | GMT +5
Иранның оңтүстігінде зілзала салдарынан 200-ден астам адам зардап шекті
АСТАНА. Қарашаның 4-і. ҚазАқпарат - Сәрсенбіге қараған түні Иранның оңтүстігіндегі Бендер-Аббас айлақ қаласында болған 4,9 балдық жер сілкінісінің салдарынан 200-ден астам адам зардап шекті,

деп хабарлайды «РИА «Новости» агенттігі.
«Бүгін мәскеу уақытымен сағат 04.30-дағы жағдай бойынша 209 жаралы адам бар», деді Хормузган провинциясының медициналық университеттерінің бірінің басшысы Фаршида Абеди.
Жер шарындағы ең сейсмоқауіпті аудандардың ондығына кіретін Иранда әр он жыл сайын күші 7 балдан асатын жер сілкіністері болып тұрады. 2003 жылы Бам қаласында және 2005 жылы Заранд қаласында болған жер сілкіністері кезінде 31 мың адам қаза тауып, 42 мыңға жуығы жарақат алды. Орасан апат Бам қаласын жермен-жексен еткен еді.