Иранның ШЫҰ қабылдау туралы өтініші қазіргі күні қаралмайды - СІМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Иран Ислам Республикасының Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына қабылдау туралы өтініші қазіргі таңда қаралмайды.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасының Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы жұмысы жөніндегі Ұлттық үйлестіруші, ҚР СІМ Айырықша тапсырмалар жөніндегі елшісі Шахрат Нұрышев мәлім етті. Еске салайық, брифинг Душанбедегі ШЫҰ мүше мемлекеттер Басшылары кеңесі отырысының қорытындыларына арналған болатын.
Шахрат Нұрышевтың айтуынша, бүгінгі күні ШЫҰ-на Үндістаннан, Пәкістаннан және Ираннан өтініштер келіп түскен. Ал Душанбе саммитінде бұлар бойынша пікір алмасу өтіп, ал оларды нысаналы түрде талқылау саммиттен кейін, келесі отырысқа дейін қаралмақ.
«Үндістан Душанбе саммитіне бір апта қалғанда өтініш тапсырды. Ал Пәкістан тарапы 2006-2010 жылдар аралығында өтініш беріп келсе, бұл жолы аталған елдің делегациясы ШЫҰ мүше-мемлекеті мәртебесін иелену туралы қызығушылығын тағы да қуаттады. Ал Иранның өтінішіне келсек, қазіргі күні Ұйым ол өтінішті қарай алмайды. Өйткені 2010 жылы қабылданған жаңа мүшелерді қабылдау тәртібі туралы Ережеге сәйкес, мүшелікке енетіндерде Біріккен Ұлттар Ұйымының санкциялары болмауы керек», - деді Ш. Нұрышев.
Бұдан бөлек, СІМ өкілі мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың осы мәселеге қатысты ұстанымын да атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан «алтылық» пен Иран арасындағы келіссөздер үдерісінің ілгерілеуін қолдайды әрі оның табысты аяқталатынына сенім білдіреді, ал мұның өзі Иранның ШЫҰ-на мүшелікке үміткер болуына зор мүмкіндік туғызбақ. Тоқтала кететін жайт, бұған дейін Елбасы Н. Назарбаев Астанадағы Иран Президенті Хасан Руханимен кездесуі барысында Қазақстанның бейтарап ел ретінде өз аумағынан келіссөздер алаңын ұсынуға әзір екенін жеткізген болатын.
Айта кетейік, ШЫҰ мүше-мемелкеттері басшыларының 14-ші Кеңесі 11-12 қыркүйекте Душанбе қаласында өткен болатын.