Иранның солтүстік-шығысында жер сілкінісі болды
АСТАНА. Шілденің 31-і. ҚазАқпарат - Иранның солтүстік-шығысында жер сілкінісі болды. Зілзала салдарынан ең аз дегенде 110 адам жараланған, бір зардап шегуші ауыр жағдайда жатыр, деп хабарлайды «Маяк» радиосы.
Жерасты дүмпуінің күші 6 балды шамалаған. АҚШ-тың Геологиялық қызметі осындай мәлімет келтіруде. Американдық ғалымдардың ақпараты бойынша, жер сілкінісінен Тегранның шығысына қарай 700 шақырымдай жерде орналасқан Турбат Хейдария қаласы қатты зардап шеккен.
ИРНА агенттігінің хабарлауынша, зілзала салдарынан бірқатар нысандар зардап шеккен, көшелерде тұрған көліктер зақымданған, электр желісі мен телефон байланысы бұзылған. Адам құрбандықтары мен қатты қираулар жоқ. Дегенмен, уәлаят халқына әзірге үйлеріне кірмей, далада жүре тұруларына кеңес беріліп отыр. Апат ауданында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.