Иранның соңғы шахының егізі Ашраф Пехлеви 96 жасында өмірден озды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Иранның соңғы шахы Мохаммад Реза Пехлевидің егізі Ашраф Пехлеви 7 қаңтар күні 96 жасында қайтыс болды. Бұл туралы Иранның Tasnim агенттігі хабарлады.
«7 қаңтар күні Иранның марқұм болған шахының егізі, есімі көпшілікке кеңінен танымал болған, монархия мен американдық құндылықтарды белсенді қорғаған, өмірі шиеленіс пен қайшылықтарға толы әйел Ашраф Пехлеви қайтыс болды», - делінген агенттіктің хабарламасында.
Оның кеңесшісі Роберт Армаоның айтуынша, егіздің сыңары еуропалық елдердің біріндегі үйінде ұйықтап жатқан кезде үзілген, деп хабарлайды агенттік. Ашраф Пехлеви 1919 жылдың 26 қазанында Тегеранда, 1925 жылы төңкерістен кейін шах тағына отырған подполковник Реза Пехлевидің отбасында дүниеге келген.