Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздердегі Қазақстанның рөлі жоғары - ИИР СІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Иранның Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифпен кездесті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздердегі Қазақстанның рөлі жоғары - ИИР СІМ

1
Иранның сыртқы саясат мекемесінің басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Астанаға келді. Иран бұл ұйымда бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие.
2

Қ.Әбдірахманов ирандық әріптесіне 7 маусымда Тегеранда орын алған террористік акті құрбандарына байланысты көңіл айтты. «Мұндай варварлық шабуыл терроризмге қарсы күресте күш-жігер біріктіру қажеттігін тағы бір мәрте баршамыздың қаперімізге салды», - деп атап өтті қазақ министрі.
3

Сыртқы саясат мекемелерінің басшылары 10-11 қыркүйекте Астанада өтетін Ислам ынтымақтастығының ғылым және технология жөніндегі бірінші саммитіне дайындық, сондай-ақ Астана үдерісі шеңберіндегі сирия дағдарысын реттеуге бірлескен дипломатиялық күш-жігер мәселелерін қарастырды. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жобасын әзірлеу барысы талқыланды.

М. Джавад Зариф атап өткеніндей, Иран Қазақстанмен екіжақты, сондай-ақ көпжақты деңгейлерде көпқырлы әріптестікті нығайтуға бейілді. Оның сөзіне қарағанда, Тегеран Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ислам әлеміндегі бітімгершілік бастамаларын, сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздердегі Қазақстанның рөлін жоғары бағалайды. Дипломат Астананы «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің ашылуымен құттықтады.