Иреклі қоймасынан Жайыққа секундына 108 текше метр су жіберіліп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM – Орынбор облысында Иреклі қоймасынан 14 ақпаннан бастап Жайық өзеніне жіберіліп жатқан су көлемі секундына 108 текше метрге жетті.

Жайық өзені
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының міндетін атқарушы Рауан Хұсайыновтың Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, өткен жылы осы мерзімде Ирекліден Жайыққа секундына 15 текше метр су құйылған болатын.

- Бұдан әзірге қауіп жоқ. Жайықтағы судың деңгейі қатты көтерілмейді. Су өңірге 25-30 күндей уақытта, наурыздың ортасына қарай жетеді, - деді маман.

Оның айтуынша, қазіргі кезде Жайық өзенінің Орал қаласы тұсындағы деңгейі – 157 сантиметр. Өткен жылы осы мерзімде 138 сантиметр болған еді. 

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының алдын ала болжамына қарағанда, биыл Деркөл өзенінің деңгейі қауіпті шектен асуы ықтимал. Осыған байланысты Тасқала және Бәйтерек ауданында өзен бойында орналасқан ауылдарға, оған қоса Орал қаласына қауіп төнуі мүмкін. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Иреклі қоймасынан Жайық өзеніне жіберілетін су көлемі артатынын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар