IРho-ға қатысушы ең тәжірибелі шетелдік ұстаз Қазақстандағы олимпиадаға жоғары баға берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Физика бойынша Халықаралық олимпиадада (IPho) австриялық делегацияның бас ұстазы Гельмут Май Қазақстанда аталған білім сайысының ұйымдастырылуын жоғары бағалады. Ол 30 жылдан бері осы олимпиаданың әлем елдерінде өткізілуіне қатысып келе жатқан тәлімгерлердің бірі.
«Мен IРho-ның өткізілуіне 1982 жылдан бері қатысып келемін. Осы орайда көптеген елдерде болдым. Биыл Қазақстанға келгеніме өте қуаныштымын. Бұл тұрғыда ұйымдастырушыларға алғысымды жеткізгім келіп отыр, өйткені, барлығы жақсы өтіп жатыр. Сіздердің елдеріңіз жоғары межені еңсеріп отыр», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, IРho Астанадағы Назарбаев Университетінде өтуде және оған әлемнің 80-нен астам елінен келген оқушылар білімдерін сынауда. Осы білім сайысының салтанатты түрде жабылуы 20 шілдеде Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.
IРho алғаш рет 1967 жылы Варшавада (Польша) өтті.