Ірі банктердің маркетинг акциялары тұтынушылық кредиттердің өсуіне ықпал етті
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ірі банктердің маркетинг акциялары тұтынушылық кредиттеудің өсуіне ықпал етті. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Экономиканың өсу траекториясы базалық сценарийге сәйкес қалыптасуда. Ұлттық статистика бюросының алдын ала бағалауына сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 3,1 пайызға артты. Іскерлік белсенділіктің өсуіне негізінен елдің тауар өндірісіндегі оң динамика себеп болды. Ең көп өсуді құрылыс саласы көрсетті – 9,4 пайыз және рекордтық астық жинау аясында ауыл шаруашылығы – 9,1 пайыз. Қызмет секторы бойынша сауда, көлік және байланыс салаларында өсу байқалды. Осыған байланысты 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің өсуі Ұлттық банк бағалауының жоғарғы шегіне жақын қалыптасты»,- деді ҰБ төрағасы БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.
Оның дерегінше, 2022 жылы үй шаруашылықтарының сұранысы оң динамикасын сақтағанмен, өсу қарқыны баяу болды.
Бұған халықтың нақты кірістеріне теріс ықпал еткен жоғары инфляция себеп болды.
«Тұтынушылық кредиттің өсуі де сұранысқа әсер етті. 2022 жылғы қараша айының соңында тұтынушылық кредиттер жыл басынан бастап 7,6 трлн теңгеге дейін 24,1 пайызға ұлғайды. Ірі банктердің маркетингтік акциялары тұтынушылық кредиттеудің өсуіне ықпал етті. Осыған байланысты бөлшек сауда айналымының динамикасы тұрақты өсім қарқынын көрсетеді», - деді Ғалымжан Пірматов.