Ірі халықаралық шараның біздің елде өтіп жатқанына қуаныштымын және мақтан тұтамын - скрипкашы Марат Бисенғалиев
Оған елімізідің өнер жұлдыздарымен қатар, шетелдегі отандас өнер шеберлері қатысты. Азия ойындарына өз қолдауларын білдіру үшін Ұлыбританиядан арнайы әлемге танымал скрипкашы Марат Бисенғалиев, Элеонора Нақыпбекова, Лондонның Корольдық оркестрінің дирижері Мариус Стравинский, Германиядан Әмір Тебенихин, Ресейден Нұрлан Бекмұхамбетов, Олег Видеман келді. Концертте А. Жұбановтың, Л. Хамидидің, Ж.Бизенің, П.Чайковскийдің, С.Рахманиннің, Ф.Шопеннің, Дж.Россинидің, Л. Минкустың шығарамалары орындалды.
Бұл шараға арнайы келген скрипкашы Марат Бисенғалиев: «Мен үшін бұл концертке қатысу - үлкен құрмет. Алматыға келу мүмкіндігі туып жатқан сайын мен өзімді бақытты сезінемін. Алыста жүрсем де әрқашан Қазақстанда не болып жатқанын қарап, әсіресе, спорт шараларын қадағалап отырамын. Ірі халықаралық шараның біздің елде өтіп жатқанына қуаныштымын және мақтан тұтамын. Азиаданы - Олимпиаданың алғашқы баспалдағы деп білемін. Мәдениет пен спорт халықтарды әрқашан жақындатады, бірақ спорт өте тиімдірек және демократияшыл», - деді ол.
«Мен қазақстандық спортшылардың өнерлеріне қатты тәнті болдым. Біз спортшылардың жетістіктерін мақтан тұтамыз. Бұл шара еліміз үшін, барша қазақстандықтар үшін үлкен тарихи, маңызды оқиға. Жас Қазақстан үшін бұл шараны өткізу - үлкен абырой, бақыт. Екінің бірі мұндай ауқымды шараны өткізе алмайды. Әлемдік дағдарысқа қарамастан еліміз, Елбасының арқасында міне, өткізіп жатыр. Біз әрине оған қуаныштымыз, мақтан тұтамыз. Азиада -нағыз спорт мерекесі болды», - деді атақты опера әншісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Майра Мұхамедқызы. Ол сонымен қатар «Жарыс барысында мен Денис Тенге жанкүйер болдым», - деді.
«Бұл нағыз өнердің мерекесі болды және бұл біздің барлық Азиадаға қатысушыларға арнаған сыйлығымыз», - деді ҚР халық әртісі Нұржамал Үсенбаева.