Ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін халықаралық конкурс өткізген жөн - Президент

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін халықаралық байқау өткізген жөн. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін халықаралық конкурс өткізген жөн - Президент

«Квазимемлекеттік сектордың инвестициялық жобаларының құны тым асырып көрсетілетіні жасырын емес. Оны аз десеңіз, құрылыс барысында баға тағы өседі. Бүгінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры 12 ірі жобаны жүзеге асыруда. Бұл - энергиямен қамтамасыз етуге, газ өндіруге, темір жол инфрақұрылымын салуға қатысты жобалар. Жұмыстың жалпы құны - 3,4 трлн теңге», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті аталған нысандар халыққа қажет екенін баса айтты.

«Алайда, жобалардың құнына және мердігерлердің конкурссыз таңдалуына қатысты көптеген сұрақ туындайды. Мысалы, Кендірлідегі су тұшытатын зауыттың жобасы шетелдегі дәл осындай жобалардан 3 есе қымбат тұрады. Екібастұздағы ГРЭС пен Алматыдағы энергетикалық торапты жаңғыртуға тым көп қаражат бөлініп отырған жоқ па? Осындай мысалдар аз емес. Сондықтан мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін ашық халықаралық байқау өткізген жөн. Бұл қалыпты тәжірибеге айналуға тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.