Ірі компаниялар жол салу тендерлерін ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салады - Қасым-Жомарт Тоқаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ірі компаниялар жол салу тендерлерін ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу. 2019 жылдан бері автожол саласында құны 1,5 триллион теңге болатын мемлекеттік келісімшарттар жасалды. Соның 40 пайызын шетелдіктердің қатысы бар компаниялар ұтып алған. Біз шетелдік серіктестерімізге қолдау көрсетеміз. Олар үшін нарық әрдайым ашық болады. Бірақ, отандық компанияларымыз белсене қатыспайды. Үкімет жергілікті кәсіпорындар үшін бәсекелі орта қалыптастыруы керек», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, кейбір ірі компаниялардың еңбек және материалдық ресурстары жеткіліксіз.

«Соған қарамастан, олар тендерді ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салады. Осындай ахуал жылда қайталанады. Тіпті, жұмыстың 100 пайызы басқа мердігерге тапсырылғаны жөнінде мәліметтер бар. Мысалы, Қарағанды-Балқаш автожолының 360 шақырымын жөндеу жұмыстары 2019 жылдан бері жалғасып келеді. Бұл жобаның жалпы құны - 242 млрд теңге. Бас мердігері осы жұмысты басқа компанияға тапсырды. Ал бұл компания барлық жұмысты қосалқы мердігерге ысыра салған. Тіпті, 22 пайыз көлеміндегі үстемеақысын да ұстап қалған», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар