Ірі мұнай-газ жобаларын дамытудың кешенді жоспары әзірленеді - Смайылов

АСТАНА. ҚазАқпарат 2023 жылы бутадиен және метанол өндіретін зауыттардың құрылысы басталады. Бұл туралы ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ірі мұнай-газ жобаларын дамытудың кешенді жоспары әзірленеді - Смайылов

«Мұнай-газ өндіру саласында Теңізде 2023 жылы Сағалық қысымды басқару жобасы аяқталады. Қашаған кен орнында қуаты 1,1 млрд текше метр газ өңдеу зауытының құрылыс жұмыстары басталды. Осыған қоса, өңдеу көлемі 8 млрд текше метрге дейін газ өңдеу зауыттарын іске асыру жөніндегі тұжырымдама келісілуде. Батыс Қазақстан облысының газ өндеу зауытында қосымша 3 млрд текше метр Қарашығанақ газын өңдеу бойынша тиісті жоба пысықталуда. Сонымен бірге, шетелдік инвесторлармен бірлесіп, Ірі мұнай-газ жобаларын дамытудың кешенді жоспары әзірленетін болады», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, осы саладағы күрделі жобалар үшін Жетілдірілген модельдік келісімшарттар заңнамаға енгізілді. Бұл 2023 жылы Қаламқас-Хазар және Қаратон кен орындары бойынша 9 млрд долларды құрайтын инвестициялық жобаларды бастауға мүмкіндік береді.

«Алдағы жылы Каспий құбыр консорциумының қазақстандық учаскесіндегі тар жерлерін жою жобасы аяқталады. Бұл құбырдың өткізу қабілетін жылына 72,5 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Әлемдік өндірушілердің ТОП-10 құрамына кіретін қуаты 500 мың тонна полипропилен өндіретін ірі мұнай-химия зауыты іске қосылды. Қуаты 1,2 млн. тонна полиэтилен өндіру жобасы бойынша базалық жобалау басталды», - деді ол.

Премьер-Министр келесі жылы жалпы инвестиция сомасы 1 млрд долларды құрайтын бутадиен және метанол өндіретін зауыттардың құрылысы басталуы керектігін айтты.

«Мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жүйесіндегі тиімсіз делдалдарды алып тастау бойынша тиісті шешімдер қабылданды. 2023 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытын 9 млн тоннаға дейін кеңейтуді базалық жобалау басталады. Битум өндірісі 300 мың тоннаға арттырылатын болады», - деді Әлихан Смайылов.