Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар Астана аумағынан тысқары шығарылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2030 жылы Астана қаласы аумағынан ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды тысқары шығару жоспарлануда.
Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2030 жылы агломерация аумағында 3 индустриялық аймақ құру арқылы Астана қаласынан ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды шығару ұсынып отыр. Сондай-ақ жаңадан құрылатын өндірістік кәсіпорындарды индустриялық аймақтарға орналастыру жоспарлануда. Жобада бірінші индустриялық аймақты Аршалы ауданындағы Аршалы ауылына орналыстыру ұсынылады. Өйткені Астана-Теміртау-Қарағандының бел ортасында орналасқан оның экономикалық-географиялық жағдайы қолайлы», - деді Жеңіс Қасымбек.
Министрдің айтуынша, халықаралық жоғары жылдамдықты магистраль, сондай-ақ теміржол орналасқан Шортанды ауданындағы Төңкеріс ауылына екінші индустриялық аймақты орналастыру жоспарланып отыр.
«Үшінші индустриялық аймақты Целиноград ауданына қарасты Жайнақ ауылына орналастыру көзделген. Онда қалыптасқан инфрақұрылымның, атап айтқанда, жұмыс істеп тұрған электр қосалқы стансасының болуы осы елді мекенді таңдауға себеп болды. Бүгінгі күні өндірістік мақсатқа алаңы 100 гектар жер учаскесі бөлінді», - деді ол.
Оның пайымынша, саланы әртараптандыру және қарқындату есебінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 170 пайызға ұлғаяды. Астана қаласының азық-түлікке, оның ішінде ұнға, қарақұмыққа, сүтке, бұршақ дақылдарына, құс етіне және тағы басқа өнімдерге деген қажеттілігі агломерация аумағы есебінен толық қамтамасыз етілетін болады.
«Агломерация өзегінің бетон, темірбетон кірпіш, қиыршықтас, металл конструкциялары, ағаш бұйымдары сияқты құрылыс материалдарына сұранысты агломерация аумағында орналасқан кәсіпорындар толықтай қамтамасыз ететін болады», - деді Жеңіс Қасымбек.