Иркутск облысында жоғалған Ил-76 ұшағының сынықтары табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Иркутск облысында жұма күні таңертең жоғалған Ресейдің ТЖМ Ил-76 ұшағының сынықтары жексенбі күні Качугский ауданында табылды, деп хабарлады РИА Новости.
«Центроспас» жасағының жердегі құтқарушылар тобы Ресейдің ТЖМ-ның қатты зақымданған Ил-76 ұшағын бұрын болжанған жерінен тапты.
«Мәскеу уақытымен шамамен сағат 02.00 Рыбный Уян елді мекенінен 4 шақырым жерде ТЖМ-ның жоғалған Ил-76 ұшағы табылды», - деп хабарлады ұшақты іздеу бойынша жедел штаб өкілі. - Ұшақ қатты қираған».
Осыған дейін Ил-76 ұшағы ормандағы өртті сөндіру кезінде байланысқа шықпай жоғалып кеткені хабарланды. Онымен не болғаны әзірге белгісіз. Ресейдің ТЖМ ақпаратынша, Ил-76 ұшағының бортында он адам болды.