Иркутскіде «Боярышниктен» көз жұмғандар саны 48 адамға жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Иркутск қаласында суррогатты алкогольді ішімдіктен уланып, көз жұмғандар саны 48 адамға жетті. «Интерфакс» агенттігінің жазуынша, бұл туралы қаладағы Ленин ауданының прокуроры Станислав Зубовский айтқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бүгінгі күні улы сұйықтықты қолданған 57 адам анықталды, олардың 48-і - ажал құшты.
Сурогатты алкогольмен жаппай улану оқиғасы Иркутскінің Ново-Ленино шағынауданында 17-18 желтоқсан күндері болды. Зардап шеккен - 35-50 жас аралығындағы әйелдер мен ер адамдар «Боярышник» ваннаға арналған концентрат» парфюмерлі косметикалық сұйықтығын қолданған.
Жергілікті медицина қызметкерлерінің мәліметінше, улану сұйықтықтың құрамында болған метил спиртінен немесе метанолдан, сондай-ақ антифризден болған.
Иркутскіде төтенше жағдай режімі енгізілді. Қаланың сауда нүктелерінде тамаққа қолданылмайтын құрамында спирті бар сұйықтықтарды сатуға тыйым салынды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс тергелуде. Жеті адам, соның ішінде екі кәсіпкер ұсталды. ТАСС агенттігі қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Герман Братчиковтың мәлімдемесіне сілтеме жасап жазуынша, Иркутскінің бақ шаруашылықтарының бірінде «Боярышник» пен өзге контрафактілік өнімдер жасалып келген астыртын цех анықталды.
Төтенше жағдай жөнінде Ресей Президенті Владимир Путин де құлағдар етілді. «Әрине, бұл қайғылы оқиға туралы (баяндалды), бұл ауыр жағдай. Әрине, проблемалардың бұл тобы жақсы таныс және ол туралы президентке баяндалды. Және бұл, жіті назар аударуды және шара қабылдауды қажет етеді», - деп келтірді РФ басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзін Ресей жаңалықтары агенттігі.