Ирландияда Халықаралық волонтерлер жылы аясында «26 for «26» акциясы басталды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ 2026 жылды тұрақты даму мақсатында Халықаралық волонтерлер жылы (IVY 2026) деп жариялады, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Осыған орай әлемнің әр түкпірінде азаматтардың волонтерлік қозғалысқа белсенді қатысуын арттыруға және оның қоғамдағы маңызын күшейтуге бағытталған түрлі игі бастамалар жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – Ирландияда өтіп жатқан «26 for 26» ұлттық акциясы.
Бұл бастама ел тұрғындарын жыл бойы 26 сағат уақытын волонтерлік қызметке арнауға шақырады.
- Акция аясында халықтың осал топтарына қолдау көрсету, білім беру жобаларын дамыту, жергілікті қауымдастықтарға көмек көрсету, экологиялық шаралар өткізу және ирланд тілі мен мәдениетін насихаттау бағыттары қамтылған,-делінген хабарламада.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өткен волонтерлер форумында биыл бүкіл әлем Халықаралық еріктілер жылын атап өтіп жатқанын жеткізді.
- Өздеріңіз білесіздер, бұл бастаманы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-ші сессиясында көтердім. Еліміздің ұсынысы жаһандық ауқымда қолдау тапты. Біз өркениетті ел ретінде күллі адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптейміз, оны келешек ұрпаққа аманат етеміз,-деген болатын.