Ирландияда жұмыс істейтін қазақстандықтар салықты өз елінде төлейді - Сұлтанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ирландияда жұмыс істейтін біздің азаматтарға салық Қазақстанда ғана салынады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ирландияда жұмыс істейтін қазақстандықтар салықты өз елінде төлейді - Сұлтанов

Жалпы отырыста ол «Қазақстан Республикасы мен Ирландия Республикасының арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салықты болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын таныстырған еді.

Конвенция біріншіден, уағдаласушы мемлекеттердің арасында салық салу құқықтарын бөлу жолымен уағдаласушы мемлекеттердің резиденттері болып табылатын заңды және жеке тұлғалардың табыстарына қосарланған салық салуды жоюға мүмкіндік береді. Екіншіден, инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау жолымен Қазақстан мен Ирландия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, кеңейтуге жол ашады. Үшіншіден, екі мемлекеттің құзыретті органдары арасында салық мәселелері бойынша ақпарат алмасу арқылы салықтан жалтарудың алдын алу мәселелерін шешуге көмектеседі», - деді ол.

Министрдің айтуынша, конвенцияның жекелеген баптары уағдаласушы мемлекеттерде қызметтерін жүзеге асыратын әртістердің, спортшылардың, мемлекеттік қызметшілердің, студенттердің табыстары мен өзге де төлемдеріне салық салудың айқын тәртібін көрсетеді. Мәселен, мемлекеттік қызметшілер үшін, егер Қазақстан үшін жүзеге асырып жатқан қызметіне жеке тұлғаға еңбекақы мен зейнетақы төленетін болса, мұндай табыстарға тек Қазақстанда ғана салық салынады. Ал Қазақстанда жұмыс істейтін Ирландияның мемлекеттік қызметшісінің жағдайы да осыған ұқсас болады - салық тек Ирландияда ғана төленеді.

«Қазақстан мен Ирландия арасындағы конвенция экономикалық қарым-қатынастарды талдау негізінде жасасты, соның ішінде тікелей шетел инвестициялары мен тауар айналымдары бойынша көрсеткіштер қарастырылды. Осыған орай, Ирландиямен өзара сауда-саттық туралы статистикалық деректерге тоқталып өткім келеді. Мәселен, Қазақстан мен Ирландия арасындағы тауар айналымы соңғы 10 жылда 1 180 млн АҚШ долларын құрады. 2016 жылы 139 млн АҚШ доллары болды. Қазақстандық экспорттың негізгі түрлері - тас көмір және газ бен түтін талдайтын аппараттар. Импорт құрылымында вакцина, дәрі-дәрмектер мен оларды өндіру үшін жабдықтар, ішімдіктер және парфюмерия сияқты тауарлары басымдыққа ие.  Қазақстан Республикасына Ирландиядан инвестициялар соңғы 10 жылда 1,0 млрд АҚШ доллары болды. Конвенцияны іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді», - деді Бақыт Сұлтанов.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірауыздан мақұлдады.