Ирландиямен арадағы Конвенция есебінен «Эйр Астананың» рейстері артады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ирландиямен арадағы қосарланған салық салуды болдырмау Конвенциясы есебінен «Эйр Астана» бағдарлары артатын болады. Бұл туралы Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында Қаржы вице-министрі Қанат Баеділов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Отырыс барысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ирландия Үкіметі арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы Конвенция және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.

«Қазақстан Республикасы ЭЫДҰ-ға кіретін елдердің  барлығымен салық конвенциясын жасасуға тырысуда. Ирландия ЭЫДҰ-ға кіретін елдердің құрамында. Бұдан басқа, ұшу уақыты 7 сағат ішіндегі ірі қалалармен тікелей әуе қатынастарын ашу туралы ҚР Президентінің тапсырмасына байланысты бағдар желілерін кеңейтуді, сондай- ақ бір бөлігін лизинг шартымен сатып алу көзделетін ұшақтар паркін ұлғайтуды жоспарлап отырған «Эйр Астананың» өтініші қаралды», - деп тоқталды Қанат Баеділов. 

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда осындай әуе кемелерін ұсыну бойынша көшбасшылардың бірі Ирландия болып отыр. Бұл ел әуе бизнесі дамыған және заманауи еуропалық әуе кемелерін жалға алу мөлшерлемесі бойынша баламалы нұсқалар ұсынады. Ирландияда ұшқыштар құрамы үшін мамандандырылған оқу орталықтары бар. Олар Қазақстанда әуе бизнесті дамыту үшін халықаралық тәжірибе алмасуға тұрғысында тағылымдама береді. Бұл бағыттағы қадамдар ЕО елдеріне қатынайтын рейстердің жиілігін ұлғайтуға, әуе кемелерінің паркін кеңейтуге ықпал етеді.

Оның атап өтуінше, осы Конвенция әуе кемелерін жалға беруден алынған Ирландия кәсіпорнының табысына қосарланған салық салуды болдырмауға мүмкіндік береді. «Эйр Астана» үшін жалдау төлемінің сомасын Конвенция болмаған жағдайда жалдау төлемінен ұсталатын салық сомасын азайту артықшылығы бар.

Сөз соңында ол осы тектес конвенцияны бірқатар елдермен бекіту жоспарланып отырғандығын атап өтті.

Айта кетейік, Конвенция біріншіден, уағдаласушы мемлекеттердің арасында салық салу құқықтарын бөлу жолымен уағдаласушы мемлекеттердің резиденттері болып табылатын заңды және жеке тұлғалардың табыстарына қосарланған салық салуды жоюға мүмкіндік береді. Екіншіден, инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау жолымен Қазақстан мен Ирландия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, кеңейтуге жол ашады. Үшіншіден, екі мемлекеттің құзыретті органдары арасында салық мәселелері бойынша ақпарат алмасу арқылы салықтан жалтарудың алдын алу мәселелерін шешуге көмектеседі.

Соңғы жаңалықтар