Ирландияның ең жас премьер-министрі қызметінен кетеді

Ирландияның ең жас премьер-министрі қызметінен кетеді
Фото: PA MEDIA

АСТАНА. KAZINFORM – Ирландия премьер-министрі Лео Варадкар билеуші ​​​​партия жетекшісі қызметінен кететінін мәлімдеді. Финэ Гэл партиясының жаңа көшбасшысы сайланғаннан кейін ол үкімет басшысы қызметінен де кетуге бел буып отыр. Бұл туралы ВВС жазды.

Дублинде сөйлеген Варадкар Финэ Гэл көшбасшысы қызметінен кететінін нақтылады. Ол партия жаңа көшбасшыны сайлағанға дейін үкіметті басқара тұрады. Айтуынша, бұл көп уақытты қажет етпеуі керек. Оның пікірінше, Пасхадан соң аяқталатын парламенттік каникулдан кейін елге жаңа премьер-министр келеді (31 наурыз) немесе қайткен күнде де, 16 сәуірге белгіленген партия конференциясының басталуына дейін келуі тиіс.

Жаңа премьер-министр әрі Финэ Гэл көшбасшысының келесі сайлауда жеңіске жетуі үшін бір жылға дейін уақыты бар.

Варадкар әзірге жеке, саяси жоспары жоқ екенін мәлімдеді.

Айта кету керек, Варадкар 2017 жылы партияны да, үкіметті де басқарып, Ирландия Республикасының тарихындағы ең жас премьер-министр атанды. Ол бұл қызметті 2020 жылға дейін атқарды. Содан кейін 2022 жылы қайтадан премьер-министр болды.

Соңғы жаңалықтар