«Ирма» дауылы салдарынан Майами орталығын су басты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тропикалық «Ирма» дауылы салдарынан Флорида штатындағы Майами қаласының бірқатар аудандарын су басып қалды, деп хабарлайды bbc.com.

«Ирма» дауылы салдарынан Майами орталығын су басты

Қазіргі уақытта өзімен бірге нөсер жауын мен су тасқынын ала келген дауыл штаттың батыс жағалауларына жетті. Гринвич бойынша сағат 22:00-ге қарай дауыл деңгейі екінші, бірнеше сағаттардан кейін үшінші деңгейге төмендеді. Желдің жылдамдығы сағатына 175 километрге жетті.

Майамидің қаржылық ауданы Брикеллді су басты, ондағы су деңгейі шамамен 60 сантиметрге жетті. Қаланың көп көшелері өзенге айналды. Миллионнан астам тұрғын үйлер электр жарығынсыз қалды. Бұған дейін штат билігі шамамен 6,3 миллион тұрғындардың өмірлеріне қауіп төнгендігін ескертіп, оларды эвакуациялау жөнінде бұйрық берген болатын.

Бұған дейін «Ирма» дауылы Кариб жағалауы елдеріне айтарлықтай  шығын әкеліп, 27 адам қаза тапқан еді.

АҚШ вице-президенті Майк Пенс президент Дональд Трамптың Флорида жағалауындағы дауыл қозғалысына алаңдаушылық білдіріп, өз қадағалауына алғандығын мәлімдеген болатын.