Ironman әлем чемпионатына Қазақстаннан екі спортшы барады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық спортшылар Нағима Керімбаева мен Екатерина Шатная Қытайда өткен Ironman жарысында жеңімпаз атанып, әлем чемпионатына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нағима Керімбаева ел арасында «diamond lady» деген атпен танымал. Ол триатлонның ең қиын жарыстарына қатысып, түрлі рекордтар орнатқан. 2016 жылы Испанияның Мальорка аралында Нағима бүкіл қашықтықты 11 сағат 48 минутта бағындырып, әйелдер арасында жаңа рекордтың авторы атанған болатын.

2018 жылғы 4 тамызда Қытайдың Юнань провинциясында өткен Ironman 70.3 Qujing турнирінде 40-49 жас аралығындағы спортшылар арасында бірінші орынды иеленіп, жылдың басты турниріне жолдама алды.

Екатерина Шатная 2004 жылы Олимпиада ойындарына қатысқан алғашқы қазақстандық триатлоншы атанды. Ал 2016 жылы Американың Чаттануга қаласында Half Ironman бойынша әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болған алғашқы қазақстандық атанды.

Енді спортшылар Гавайи штатының Килауеа-Кона аралында өтетін Ironman әлем чемпионатына дайындалады.

Айта кетейік, Ironman - триатлонның ең қиын жарыстар сериясы. Ол үзіліссіз жалғасатын үш кезеңнен тұрады. Қатысушылар 3,86 километр суда жүзіп, 180,25 километр велосипедпен жүреді, соңғы кезеңде 42,195 километрлік толық марафон қашықтығын бағындырады. Жалпы жарысқа 17 сағат уақыт беріледі.

null

Соңғы жаңалықтар