Исекешев Астанада «автобустар жарысын» тоқтатудың жолын тапты
"Қазір қалай? Бізде 8 автопарк бар. Олар маршруттарды алады да, жолаушыларды көптеп жинауға тырысады. Содан бір-бірімен жарысады, жолаушылармен ұрысады. Кондукторлар да көп. Ал "Bus километр" жүйесі бойынша жолаушылардың саны ескерілмейді. Негізгі міндет - сапалы қызмет көрсету. Біз соған көшуді көздейміз. Ол үшін бір жыл бойы инвестициялар министрлігімен жұмыс істеп, заңнаманы өзгерттік", - деді Әсет Өрентайұлы бүгін қалалық көлік кешенін дамыту мәселеріне арналған партиялық тыңдауда.
Алайда автопарктер жолаушыдардың санын қуалай бермей, қызмет сапасына көңіл бөлетіндей жағдай жасау үшін тұрақты қаржыландыру тетігі болуы шарт. Осыған байланысты әкімдік қоғамдық көлік саласын қаржыландырудың үш жолын ұсынып отыр. Біріншісі - тариф + субсидия. Екіншісі - тарифті, яғни билет бағасын көтеру. Үшіншісі - автобуспен тегін қатынау. Алайда ол үшін ай сайын белгілі бір сомада жарна төлеу керек.
"Енді, ол салық емес, қоғамдық көлікті дамыту үшін алынатын коммуналдық төлем тәрізді. Мысалы, қазір бір отбасы 30-40 мың теңгеге жол жүру абонементін ("проездной" - авт.) сатып алса, жаңа жүйе бойынша 3-ақ мың теңге төлейтін болады. Жеке көлікпен жүретін біз де үш мыңнан төлейміз. Сонда бәріміз қоғамдық көлік саласын дамытуға ақша құйғандай боламыз. Әрине, бұл мәселені әлі де талқылау қажет. Халықтың пікірін білген жөн", - деп атап көрсетті Әсет Өрентайұлы .
"Астана LRT" компаниясы төрағасының міндетін атқарушы Жанна Ақжанованың айтуынша, "Bus километр" жүйесінің басты ерекшелігі сол, автобус жүрген әрбір километрдің шығындары төленеді. Сонда көлік жүргізушілері жолаушылар үшін жарыспайды, күнделікті маршруттарын ғана орындауға тырысады. Ал GPS арқылы әрбір автобустың қай аялдамада тоқтағаны, уақыт жиілігін сақтағаны және тағы басқа мәліметтер тексеріледі. "Бір жыл бұрын осындай жүйе Мәскеу қаласында енгізілді. Қазірдің өзінде оның тиімділігі анық байқалып отыр. Автобустар жаңарды, саны көбейді. Халық қоғамдық көлікпен жиі жүре бастады", - дейді Ақжанова.