Исекешев Астананы туристер үшін тартымды қалаға айналдыруда қоғам пікіріне құлақ түрмек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Әсет Исекешев ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық мәселелерін талқылау үшін Фейсбукте арнайы парақшаның ашылғандығын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Достар! Күні кеше қаладағы қонақ үйлер, мейрамханалар, дәмханалар, банктер, супермаркеттер, базарлар, туристік компаниялар мен такси қызметін көрсететін мекемелер және тағы басқа меймандарды қарсы алатын сала өкілдерімен кездестім. Біз үшін бір болып жұмыс істеу өте маңызды. Өйткені ол арқылы Астанамызды туристер үшін тартымды қалаға айналдыра аламыз. Осы тұрғыда алда келе жатқан халықаралық ЭКСПО көрмесіне тыңғылықты дайындығымызды көрсетуіміз керек. Кеше көптеген мәселелерді бірігіп талқылап шықтық. Сол жерде келіскендей бүгін талқылауымызды жалғастыру үшін Фейсбукте арнайы парақша ашып отырмыз. Жиынға қатысқан барлық қызмет көрсету мекемелерінің өкілдері мен басқа да сауал жолдаймын деген азаматтар болса, осы парақшаға жазуларыңызды сұраймын. Ұсыныстар болса қарастырамыз. Пікірлеріңізді ескереміз. Қалалық шешімдер бюросы мен Астана конвешн бюросы ортақ жоспар мен бірлескен әрекетерімізді әрдайым жіті қадағалайтын болады. Белсенді болатындарыңызға сенеміз!», - деп жазды елорда әкімі өзінің Фейсбуктегі парақшасында.