Исекешев елордадағы нысандарды мүгедек жандарға бейімдеуді қолға алмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімі Әсет Исекешев жыл соңына дейін елордадағы нысандардың басым бөлігін мүгедек жандар үшін бейімдеуге уәде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Астана әкімі Әсет Исекешевтен елордадағы нысандарды мүгедектігі бар азаматтар үшін бейімдеу жұмыстары туралы сұрады.
«Біз өзіміздің қауымдастықтармен, барлық топтағы мүгедек жандармен бірге штаб құрдық. Қазір біздің жұмыс жоспарымыз өзгертіліп жатыр. Жалпы, Астанада соңғы төрт жылда тиісті инфрақұырылымы бар нысандардың 56%-і паспорттаудан өткен», - деді Әсет Исекешев.
Оның сөзінше, жоспарға қаланың барлық нысандары - ауруханалар, мәдени, спорттық нысандар, жаяу жүргінші өткелдері, дүкендер, коммерциялық ұйымдар енгізіледі.
«Біз құзырлы министрлік өкілдерімен бірге арнайы жоспар құрдық, оны жүзеге асыра бастадық, қаланың түрлі аудандарында қолжетімді, кедергісіз ортаны құру бойынша жұмыстарды атқарып жатырмыз. Әрине, қысқа уақытта барлық проблеманы шешіп тастау мүмкін емес, бірақ біз өзімізге жыл ішінде нысандардың басым бөлігін тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмыз. Кедергісіз ортадан бөлек өзге де бағыттар бар - бұл мүгедектерді жұмыспен қамту, саябақтарда спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін арнайы спорттық алаңдар құру және басқа да бірқатар жұмыстар», - деп түйді ойын әкім.
Бұның алдында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қазақстандағы мектептер мен ауруханаларды жартысы мүгедектер үшін бейімделмегенін хабарлаған болатын.