Исекешев Қабанбай батыр даңғылы бойындағы жөндеу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтатты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың Қабанбай батыр даңғылы бойындағы жол жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталып, ертең пайдалануға беріледі. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев өзінің Фейсбуктағы парақшасында хабарлады.
«Бүгін Қабанбай батыр даңғылы бойындағы жөндеу жұмыстарының барысымен таныстым. Аталған жұмыстар ертең, яғни сенбі күні аяқталады. Бұл бұған дейін белгіленген уақыттан үш күн бұрын берілмек. Негізі, əу баста жолдағы жөндеу жұмыстарын тіпті 10-қазанда аяқтау көзделген болатын. Астана жол басқармасы жұмысты барынша жылдамдатуға тырысып, нәтижесінде сенбі күні түстен кейін жол пайдалануға берілетін болады», - деп жазды қала басшысы.
Еске сала кетейік, аталмыш даңғылды жөндеу жұмыстары Астанада үлкен кептелістер тудырып, халық наразылықтарын білдірген болатын. Кейін Ә.Исекешев кеңес өткізіп, осы салаға жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметовқа ескерту жасады. Сондай-ақ ол Автомобиль жолдары басқармасының басшысы Сымбат Мырзағұловты қызметінен босатуды, «Астана Теплотранзит» АҚ мен «Астана су арнасы» МКК басшыларына қатаң сөгіс, «Aстана LRT» ЖШС басшысына сөгіс жариялауды тапсырды.
Астана қаласының ІІД мен Жергілікті полиция қызметіне тиісті учаскелерде қажетті жол белгілері мен көрсеткіштердің қойылмауы себепті туындаған кептелістер үшін жауапты тұлғаларды анықтап, жазаға тарту тапсырылды.