Исекешев сапасыз салынған үйлер туралы: Бәрін тексереміз
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі құрылысы сапасыз жүргізілген үйлердің барлығы бойынша комиссия құруға уәде берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Әсет Исекешевтің халыққа есеп беру кездесуінде тұрғындардан жаңадан салынғанымен, жөндеуді талап ететін үйлер туралы сауал қойылды.
«Астанада мемлекеттік бағдарлама бойынша үйлер көптеп салынып жатыр. Алайда құрылысы аяқталғаннан кейін ол алған үйімізге қайта жөндеу жүргізуге тура келеді. Осы себепті, үйді қабылдаған кезде сапасына көбірек мән берулеріңізді сұраймыз», - деді тұрғындардың бірі.
Әсет Исекешев бұл сауалға жауап беріп, барлық шағымдар жауапсыз қалмайтынына сендірді.
«Бұл өте маңызды мәселе. Бұған қатысты маған да, әкімдікке де өте көп шағым келіп түседі. Біздің мақсаттардың бірі - құрылыс сапасын жақсарту. Әр жағдай бойынша біз комиссия құрамыз. Бәрін тексереміз, тиісті шараларды қабылдаймыз. Менің бірінші орынбасарым Сергей Хорошун осы мәселеге жауапты. Сондықтан, жыл өткен сайын жағдай жақсарады», - деді Әсет Исекешев.
Бұдан кейін сөз алған қала әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун Астанада осы бағытта ылғи шағым түсе беретін 15 нысан барын айтты.
«Аталған мәселені жауапты органдармен апта сайын талқылаудан өткіземіз», - деді әкімнің орынбасары.