Исекешев тапсырманы орындатудың жаңа механизмдерін енгізіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада тағы бір сарапшылар алаңы ашылды. Astana Expert Club-ын құру жұмысына "Нұр Отан" партиясының қалалық филиалы да атсалысып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Филиал басшысының орынбасары Бақыт Сапаровтың айтуынша, "Astana Expert Club" сарапшылар клубы қала әкімі Әсет Исекешевтің жеке тапсырмасы бойынша құрылып отыр. "Ал клубты құру идеясына келер болсақ, Әсет Өрентайұлы өз қызметіне кіріскеннен кейін бірқатар өзекті мәселелер бойынша сан алуан жиындарды өткізген болатын. Мәселен, Астана қаласының көліктік кешені дамытуға арналған үлкен қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Оған қала тұрғындары, сарапшылар, осы саладағы мемлекеттік органдар мен компаниялардың өкілдері қатысқан еді. Қоғамдық тыңдаулар барысында көптеген мәселелер көтерілді, тұщымды ұсыныстар айтылды. Алайда әкімнің берген тапсырмалары мен қала тұрғындарының ұсыныстарын орындау жұмысы іске аспай қалды. Сондықтан осы іспетті сарапшылар клубын құру идеясы туындады", - деді Сапарбаев клубтың алғашқы отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта сарапшылар клубының отырыстарында көлік мәселелері ғана емес, білім, денсаулық және тағы басқа әлеуметтік-экономикалық маңызы бар проблемалар қаралатын болады.

"Ендігі кезекте біз белгілі бір мәселені талқылап, одан кейін жан-жаққа тарап кетпей, нақты бір бақылау жүйесін енгізуіміз керек. Біз "Нұр Отан" ретінде бәрін партиялық бақылауға алуға даярмыз. Мәселен, бүгін жолаушылар көлігі басқармасы қатысып отыр. Сонымен бірге арнайы жол картасын әзірлеп, тиісті шараларды іске асыратын боламыз", - деп атап көрсетті партияның мүшесі.

Айта кетейік, бүгінгі жиында қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердиев баяндама жасап, қаланың көліктік кешенін дамыту жайында айтып берді. Ал қатысушылар қоғамдық көлік жүйесін дамытуға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.

Соңғы жаңалықтар