ИСЕСКО Бас директоры: ҚР Президентінің басшылығымен Қазақстан орнықты даму, гүлдену бағытында нық жүріп келе жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті атына шетел мемлекеттері мен үкіметтері басшыларынан, халықаралық және мемлекетаралық ұйымдардан, еңбек ұжымдарынан, мәдениет, білім және спорт саласы өкілдерінен құттықтау хаттар легі жалғасуда.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
ИСЕСКО Бас директоры Әбдел Әзиз Әт-Туэйджри Қазақстан Президентінің басшылығымен еліміз орнықты даму, гүлдену және әл-ауқатын арттыру бағытында нық жүріп келе жатқанын атай отырып, Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық және амандық тіледі.
Испания депутаттар конгресінің төрағасы Х.Морено Қазақстан Президентінің жаңа мандаты екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға мүмкіндік тудыратынын атап өткен.
«Йоббик» партиясының жетекшісі Г.Вона және партияның парламенттік тобы жетекшісінің орынбасары М.Дьёндьёши Қазақстанның Орталық Азия өңірінің көшбасшысы және халықаралық қоғамдастықтың құрметті мүшесі болып қалыптасуын жолындағы теңдессіз ілгерілеуіне тоқталған.
«Біз Қазақстанның соңғы жиырма бес жылдағы табысты дамуы барлық елдер, соның ішінде Венгрия үшін де үлгі көрсетіп, баршаға пайдалы зор тәжірибе беретініне сенімдіміз. Біз елдеріміз әлдеқайда тығызырақ қарым-қатынас өрбітеді және Қазақстан үшін де, Венгрия үшін де көптеген артықшылықтарға жеткізеді деп үміттенеміз», - делінген жеделхатта.
«Эни» компаниясының бас атқарушы директоры К.Дескальци сайлау нәтижесі сенім деңгейінің жоғарылығын, Қазақстан Президентінің дана басшылығымен жүзеге асып жатқан Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатын халық қолдайтынын тағы дәлелдегенін атап өткен.
«Біздің компания өз қызметін 1992 жылдан бері Қазақстанда жүзеге асырып жатқан шетелдік ірі инвестор ретінде елдің экономикалық табыстарына үлесін қосқанын мақтан етеді. Сіздің қолдауыңыз арқылы ынтымақтастығымыз жалғасатынына және Қазақстанның экономикалық дамуына септігін тигізетініне сенімдіміз», - делінген құттықтауда.
«Consolidated Contractors International» компаниясының инжиниринг және құрылыс жөніндегі президенті С.Хури өз құттықтауында Мемлекет басшысының қуатты әрі табысты Қазақстанның әрі қарай гүлденуін қамтамасыз етудегі негізгі рөлін атап көрсеткен.
«Сіздің жаңғыру мен мемлекеттілікке негізделген өршіл реформаларды жүзеге асыруға ұмтылысыңыз жұрттың кең қолдауына ие болғаны анық, бұған Сізге берілген дауыстар саны дәлел. Біз Сіздің көшбасшылығыңызды қолдаймыз. Біз Сіздің ұлы еліңіздің болашағына қатысты көзқарасыңызды құптаймыз», - делінген хатта.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитетінің директоры Ч.Синьфэн дауыс беру қорытындылары Қазақстан халқының Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатты кеңінен қолдайтынын, мемлекет пен қоғамның орнықты дамуын қамтамасыз ету ісіндегі еңбегінің мойындалуын, сондай-ақ елдің әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алып отырғанын дәлелдейтінін атап айтқан.
Евразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы В.Христенко дауыс беру қорытындылары Қазақстан азаматтарының Мемлекет басшысына, оның қызметіне және елді бұдан әрі дамыту бағытындағы бастамаларына деген сенімінің жоғары деңгейін айқын көрсеткенін атап өткен.
«Сіз қоғамдық келісімнің жемісті атмосферасын қалыптастырып, Қазақстан тұрғындарына ертеңгі күнге деген сенім ұялатып, ел дамуының стратегиясын жасай алдыңыз. Сіздің көпжылдық тәжірибеңіз, жоғары кәсіби деңгейіңіз бен сарқылмас қуатыңыз баршаның шынайы құрметіне лайық бола алды. Біз өзіміздің күнделікті жұмысымызда Сіздің назарыңыз бен қолдауыңызды сезінеміз деп Сізді сендіре аламыз және алда да солай болады деп үміттенеміз», - делінген құттықтауда.
Еуразиялық экономикалық комиссиясының энергетика және инфрақұрылым жөніндегі комитетінің мүшесі (министр) Т.Мансұров Мемлекет басшысын сайлаудағы айқын әрі сенімді жеңісімен құттықтаған.
«Қазақстан халқы Сізге - Ұлт көшбасшысына сенімді түрде дауыс берді, өйткені өзінің қазіргі және болашақтағы игілігін Сіздің жасампаз қызметіңізбен байланыстырады. Қазақстандықтар Сіздің қуатты саяси ерік-жігеріңіз бен стратегиялық көрегенділігіңіз әлемге Қазақстанның және халқымыздың жаңа бейнесін танытқанын мақтан етеді», - деп жазады Т.Мансұров.