Ішімдікке акцизді арттырып, экономикалық шараларды үдетпей, маскүнемдікпен күрес тиімді жүрмейді - Е.Дошаев
АСТАНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат - «Арақ - адамның есін жояды, ұятын қашырады, арамдыққа және қылмысқа итермелейді». Бұл сөзді сонау өз заманында ұлы жазушы Л. Толстой айтыпты.
Сол Толстой тағы бүй депті: «Шарап адамның тән саулығын құртады, санасын улайды, отбасы шырқын бұзып, дәулетін қашырады, ең сорақысы адамның жаны мен оның ұрпағын тұншықтырады». Со заманда ғана емес, бүгінгі қоғамдағы ең күрделі дерттің бірі - маскүнемдік. Күрделі болғаны соншалықты бұл мәселемен, маскүнемдік салдарымен күнделікті бетпе-бет кездесіп те отырғанымыз шындық.
Қоғамның өзегіне түскен осы дертпен күрес әр елде әрқалай жүргізіледі. Мәселен, осы бағытта ізденген ғалымдар маскүнемдікке қарсы вакцина ойлап тауыпты. «Daily Mail» агенттігінің таратқан хабарына қарағанда, вакцина 6 айдан 12 айға дейін әсер етеді екен. Әлгі егілген адамның ішімдікке аңсары аумайтын көрінеді. Егер татып алатын болса, қатты қиналып, азап шегеді. Мұның себебі - вакцина ішімдікті қорытатын бауыр ферменттерінің қызметін тоқтатып тастайды. Вакцинаның әсерін жоятын дәрі-дәрмек жоқ болғандықтан вакцина егілген адам арақ атаулыны аузына алмауы керек. Сондай-ақ, ғалымдар Азия тұрғындарының ағзасында ішімдіктің уытын қорытатын геннің жоқтығына көз жеткізген. Қытайдың, Кореяның және Жапонияның әрбір бесінші тұрғыны ішімдік іше алмайтын көрінеді. Ал Қазақстандағы жағдайға келсек, маскүнемдік дерті шынымен алаңдатарлық деңгейде.
Өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ерген Дошаев дәл осы қоғам дертінің өршуіне байланысты алаңдаушылық білдіріп, сауал жолдаған еді. Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүкіл жер шарында спирт ішімдіктерін тұтыну деңгейін айқындау үшін 188 елде арнайы мониторинг жүргізеді. Соның нәтижесіне сүйенсек, 2011 жылғы рейтингте Қазақстан 34 орында тұр. Бұл - еліміздің әрбір азаматы жылына 11 литрге жуық таза этил спиртін немесе жарты литрлік арақтың 50 бөтелкесін тұтынады деген сөз. «Нәтижеге үңілсек, Қазақстан бүгінгі күні Орталық Азияда нағыз ішімдікке құмар ел болып табылады. Мысал үшін айтатын болсақ, жоғарыда аталған рейтингте Қырғызстан - 106-шы, Түркіменстан - 114-ші, Өзбекстан - 131-ші, ал Тәжікстан 134-ші орында тұр. Тіпті, көршілес Қытайдың өзі бір жарым миллиард халқы барына қарамастан, 95-ші орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың жан басына шаққанда алкоголь тұтынуының шекті деңгейін де есептеген. Ол жылына 8 литрден аспауға тиіс. Одан артық тұтыну ұлттың азып-тозуына, тіпті құрып кетуіне әкеп соғады. Осы әлеуметтік кесірлі құбылыстың ауыр салдарын біздің еліміздің мысалынан көруге болады», - дейді депутат Е. Дошаев.
Тағы бір деректерге сүйенсек, соңғы бес жылда ішімдікті сылқия сілтеп, мас күйінде жасалған қылмыстар саны екі еседен астам өсіп, 13 мыңнан астам фактіні құраған. Осы уақыт ішінде маскүнем қылмыскерлердің қолынан 3172 қазақстандық қаза тауыпты. Бұдан бөлек, ішімдікке еліккен күйдегі жүргізушілердің жүгенсіздігі де жағаны ұстатады. Мысалы, соңғы бес жылда ішімдік ішіп көлік басқаруға отырған 330 мың жүргізуші ұсталыпты. Олар 1814 жол-көлік оқиғасын жасап, соның салдарынан 494 адам қаза тапқан, 2,5 мың адам әртүрлі жарақат алған. Маскүнемдік көптеген төтенше жағдайдың, оның ішінде оқыс жағдайда өрттің шығуына да себеп болып отырады. Соңғы бес жылда 1275 азамат мас күйде осындай өртке оранып, қаза тапқан. Ішімдікке әуестіктің күрт өсуі, әрине, елдегі демографиялық жағдайға және жалпы экономиканың дамуы мен әлеуметтік өмірге де өз кесірін тигізеді. Сондай-ақ, маскүнемдік себебінен жаппай жұмыс орнын тастап кету, өндірістің тоқтап қалуы және басқа да келеңсіз факторлар салдарынан келтірілген орасан зор залалды есептеп шығу мүмкін емес. Бұл ретте депутат Ерген Дошаев, тұрмыстағы маскүнемдік салдарынан тағдыр тәлкегіне түскен ондаған мың отбасыға келтірілген залалды есептеудің күрделі екенін айтып, тастанды жетім балалардың трагедиясын және маскүнемдіктен ауру болып туылған сәбилердің тартып отырған зардабын қалайша бағалауға болмайтынына назар аударады.
Сосын және бір жан түршігерлік статистиканы алға тартады депутат. Мәселен, сарапшылардың бағалауы бойынша, жыл сайын дүние жүзінде алкоголь ішімдігін шамадан тыс тұтыну салдарынан 2,5 миллион адам көз жұмады. Әлемдегі маскүнемдердің 11 пайызы апта сайын ұзақ мерзімдік ішкілікке салынады. Бұл ретте олардың 30 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Ал дәл осы мәселе бойынша Қазақстандағы жағдайдың да мәз еместігі белгілі. Атап айтсақ, соңғы бес жылда спиртті ішімдікті тұтынудан немесе соның кесірінен 12 мыңға жуық қазақстандық қайтыс болған. 210 мыңға жуық адам наркологиялық диспансерде есепке алыныпты.
«Әрине, әлем жұртшылығы осы қатерлі ауруға қарсы күрес жүргізіп отыр. Бүгінгі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстары бойынша 80 елде алкоголизм мен маскүнемдіктің алдын алу бойынша арнайы мемлекеттік саясат жүргізіледі. Саламатты өмір салты насихатталады. Кейбір елдерде алкоголь ішімдіктерін тұтынуға тікелей тыйым салынған. Елімізде алкоголизмге қарсы күресте ештеңе істелмей отыр деп айтуға болмас. 2010 жылғы қарашада Денсаулық сақтау министрлігі дайындаған Қазақстанда денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл құжат - жалпы алғанда, өте маңызды құжат. Бірақ ол елде алкоголизмді азайту бойынша нақты күрес жөнінен бірқатар сұрақ туындатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары осы әлеуметтік кесірмен күрестің ең тиімді әрі кең таралған құралы экономикалық шаралар екенін айтады. Яғни, ең алдымен, спирттік ішімдіктерге акциздерді арттыру арқылы алкогольді қымбаттатып, халықтың, әсіресе жастардың оған қолы жетпейтіндей жағдай жасау қажет», - деп санайды депутат Ерген Дошаев. Оның пікірінше, өкінішке қарай, бағдарламада алкоголь өнімдеріне акциз ставкалары қай жылы және қандай мөлшерде артатыны туралы нысаналы индикаторлар көрсетілмеген. Ал бұл аса маңызды мәселе. Депутаттың айтуына қарағанда, бүгінгі күні Қазақстандағы арақ - Кеден одағы елдері арасында ең арзаны болып табылады. Оның себебі де қарапайым - Қазақстанда акциз ставкалары төмен. Егер елімізде 2012 жылы бір литр этил спиртін дайындау кезінде акциз түрінде 60 теңге өндіріп алынатын болса, Ресейде бұл мөлшер - 163 теңгеге жуық, ал Белоруссияда 380 - 432 теңге аралығында. Елімізде жарты литрлік араққа акциз 100 теңгені құрайды. Ал Ресей мен Белоруссияда бұл көрсеткіш одан 2,5 есе жоғары. Сыра өнімдері бойынша да осындай жағдай байқалады. Бұдан басқа, депутат құжатта елдегі алкогольді шамадан тыс тұтынуды азайтуға бағытталған басқа тетіктер де нақты көрсетілмегенін, бүгінгі күні айрықша либералдық сипат алып отырған антиалкогольдік заңнаманы күшейту жөнінде де ештеңе айтылмағанын алға тартады.
«Сондықтан да қазіргі бар нормаларға сәйкес сағат 23.00-ден сағат 8.00-ге дейін алкоголь сатуға тыйым салынғанына қарамастан, елімізде спирт ішімдіктері тәулік бойы оңды-солды сатылу үстінде. Сауда орындары спирт ішімдіктерін кәмелетке толмағандарға сатудан да тартынар емес. Мұның өзі антиалкогольдік заңнаманы осылай бұзғаны үшін айыппұл мөлшері көршілес елдермен салыстырғанда өте аз екеніне байланысты. 2012 жылдың соңында Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа тарихи Жолдауын арнап, онда еліміздің 2050 жылға дейін дамуының нақты ойластырылған стратегиясы белгіленді. Мемлекет басшысы Қазақстанның ұзақ мерзімді басты құжатында «ұлттың денсаулығы - біздің табысты болашағымыздың кепілі»,- деп айрықша атап өтті. Дені сау, білімді және бәсекеге қабілетті ұлт қана Жолдаудан туындайтын ауқымды міндеттерді шешуге қабілетті. Сондықтан біз Үкімет қалыптасқан жағдайды нақты бағалап, еліміздегі алкоголь проблемаларын ауыздықтау бойынша тиісті шаралар қабылдайды деп сенеміз»,- дейді депутат Ерген Дошаев.