Ішімдікке сылқия тойған екі қыз Алматыдағы банктердің бірінде лаң салды
АЛМАТЫ. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Күндізгі сағат екілер шамасында Алматы қаласының ІІД Жедел басқару орталығына қаладағы банктің бірінің қызметкері телефон шалып, алкогольді ішімдікке сылқия тойып алған екі қыздың жанжал шығарып, банктің мүлкін бүлдіргені туралы хабар берген, деп хабарлады қалалық ІІД баспасөз қызметі.
«Банк қызметкерлері бас көтерген бойжеткендерді өздігінен тыныштандырмақ болған. Алайда олар қолына түскен заттың бәрін сындыра бастаған. Сол кезде барып олар полицияға хабарлаған. Патрульдік полицейлер қыздарды қолға түсірді. Бұл азаматшалар аудандық ішкі істер басқармасына барар жолда тіпті дөрекілік танытып, патрульдік көліктің терезесін сындырып, есіктің тірегін майыстырды. Медициналық куәландыру олардың орташа дәрежедегі алкогольді масаңдықта екендігін көрсетті. Бойжеткендер тек түнге қарай айығып, сол кезде ғана тергеушілердің сұрағына тұшымды жауап бере бастады»,- деп хабарлады Медеу аудандық ІІБ бастығы полиция полковнигі Бақыт Қасабеков.
Бұл аралықта банк қызметкерлері өздерінің бұзақы клиенттерін жауапкершілікке тарту туралы арыз жазған. Банктің филиалына келтірілген зиян мөлшері 18 мың теңгені құраған.
«Аталған факті бойынша тергеу жұмыстары сол күні-ақ басталды. Қыздар өз кінәсін мойындауда. Қазір тиісті үрдісті амалдар жүргізілуде. Бұл азаматшалардың қылықтары бұзақылық ретінде дәрежеленді. Сонымен қатар, олар міндетті түрде қызметтік полицейлік автокөлікті зақымдағаны үшін жауапкершілікке тартылатын болады. Екі қыз да 21 жаста, олардың екеуі де еш жерде жұмыс істемейді және оқымайды»,- деді өз сөзінде Б. Қасабеков.