Ішімдікке тойып алып, қоғамдық көлік жүргізген өзбек азаматы ұсталды
АЛМАТЫ. 31 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы қаласындағы Орталық көк базар мен Алтын орда базарлары арасындағы 339 бағытты қоғамдық көлікті өзбек елінен келген азаматтың жүргізгені анықталды.
Жол полицейлері ішінде 23 жолаушысы бар бұл автобусты таңғы сағат 6 шамасында құжат тексеру үшін тоқтатқан, деп хбарлады Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметі.
«Құқық тәртібі» арнайы іс-шарасы аясында күшейтілген тәртіпте қызмет атқарып жүрген жол сақшылары назарларына іліккен қоғамдық көлік жүргізушісінің құжаттарын тексеру үшін тоқтатады. Жол сақшыларының күдігін тудырған жүргізуші денсаулығының нашарлап тұрғанын айтып, ақталып бағады. Алайда аузы-мұрнынан арақ иісі аңқып тұрған әлгіні жол полицейлері медициналық сараптамаға жөнелтеді. Сараптама нәтижесі оның спирттік ішімдік ішкендігін анықтап берді»,-дейді Алматы қаласы ІІД Жол поиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Мұхтар Аманбеков.
«Бүгінгі таңда қоғамдық көлік жүргізетін жүргізушілердің жауапкершілігінің жоқтығынан түрлі жол-көлік оқиғалары орын алуда. Әсіресе, елімізге басқа көршілес мемлекеттерден келіп, ақша тауып жүрген азаматтарға ел аумағын аттауға қатаң тыйым салу қажет. Осы орайда жаңа оқу жылы қарсаңында алматылық жол сақшылары қоғамдық көліктерді ерекше назарда ұстап, олардың техникалық жағдайын жіті тексермек. Ал мас күйінде көлік жүргізген бұл өзбек азаматы сот шешімімен жүргізушілік куәлігінен айырылып қана қоймай, ел аумағынан аластатылатын болады»,- деп атап көрсетті М.Аманбеков.