Ішінде 50 000 теңге бар әмиянға қол салып, ұры атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай облысы Жітіқара аудандық сотының 2014 жылғы 23 қыркүйектегі үкімімен 1974 жылы туған Жітіқара қаласының тұрғыны жалпы тәртіптегі түзету колониясында жазасын өтеу үшін екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметінен.
«Сот отырысында сотталушы ҚР ҚК-нің 175-бабының 1-бөлігі бойынша тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындады. Сотта ол Жітіқара қаласы, 12 шағын ауданында орналасқан А.-ның пәтерінде бола тұрып, бөлмеде тұрған шкафтан ішінде 50 000 теңге ақшасы бар әмиянды жасырын түрде ұрлағанын, ұрланған ақшаны спирттік ішімдіктерге және азық-түлік тамаққа жұмсағанын айтты. Бұдан басқа сот үкімімен жәбірленушінің талабы толық көлемінде қанағаттандырылып, ол жәбірленушінің пайдасына 50 500 теңге зиян сомасы және 505 теңге мемлекеттік баж сомасы өндіріліп берді», делінген хабарламада.