Ішкі әскерлер қолбасшысы жұмысынан шеттетілген қарамағындағы екі офицердің мәселесінің мән-жайын түсіндіріп берді

Айта кетейік, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында еліміздің қаржы полициясы аталған ведомствоның Мемлекеттік сатып алулар басқармасының бастығы Олег Заика мен Жауынгерлік қызмет басқармасының бастығы Юрий Грибаға қатысты қылмыстық іс қозғағаны хабарланған болатын. Олар қызметтік лауазымдарын асыра пайдаланды деген күдікпен тексерілуде.
Р. Жақсылықовтың айтуынша, бұл мәселе екі жыл бұрынғы тендерге қатысты болып отыр. Комитет күзет қызметтері үшін радиолокациялық құралдарды сатып алды. Бұл жабдықтар бас бостандығынан айыру мекемелерінде орнатылатын құралдар. Олар құны 45 млн. 560 мың теңгені құрайды.
«Тендер өткізілді. Аталған мүлік жеткізілді. Барлығы да түгел және олар тиісті нысандарда орнатылды. Екі жылдың ішінде бұл құралдар ешбір ақаусыз жұмыс істеп келе жатыр. Тексеру кезінде бұл құралдар біз тапсырыс берген техникалық талаптарға сай келмейтіні анықталды. «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңға сәйкес жабдықтардың дәлдігіне тапсырыс беруші емес, керісінше оны жеткізуші жауап береді. Сондықтан да осы тауарды жеткізген фирмаға қатысты біз сотқа талап-арыз жаздық. Ал сот талап-арызды қанағаттандырған жоқ және мемлекетке шығын келтірілмеген деген шешім шығарды»,-деді қолбасшы.
Қолбасшысы тергеу амалдары жүріп жатқандығын және аталған лауазымды тұлғалар бүгіндегі тексеру шаралары кезеңінде өздерінің қызметтік міндеттерінен шеттетілгенін, сондай-ақ егер де кінәлілер анықталса олар тиісті жазасын алатынын жеткізді. «Аталған азаматтарға қатысты ешқандай да ресми айып тағылған жоқ»,-деп түйіндеді ол.