Ішкі әуе рейстерінде тариф көтерілмейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның ішкі әуе рейстерінде билет бағасы көтерілмейді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Асылбек Дүйсебаев мәлім етті.
Оның атап өтуінше, агенттіктің халықаралық рейстердің бағаларын реттеуге құзіреті жоқ. Тек Қазақстанның ішкі рейстерін атқаратын «Эйр Астана» мен «Скат» әуекомпанияларының ғана тарифтеріне шекті баға енгізе алады. Оның өзінде тек 36 бағыт бойынша ғана.
«Бүгінде компаниялардың бағаны төмендетуіне мүмкіншіліктері бар. Біз оған бөгет жасамаймыз», - деді ол.
Агенттік төрағасы орынбасарының сөзіне қарағанда, әуе тарифтерінің өсуі авиа керосин бағасының өсуімен тікелей байланысты. Өйткені авиакомпания шығындарындағы керосин үлесі 30 пайызды құрайды.
«Демек, керосин бағасы жоғарыласа, тарифтің де көтерілетіндігі түсінікті. Ал қазіргі уақытта авиакомпаниялардан бізге тарифтерді өзгертуге өтініш түскен жоқ. Сондықтан алдағы уақытта тарифтің көтерілуі орын алмайды», - деді А.Дүйсебаев.