Ішкі істер министрі Алматы қалалық ІІД-інде кеңейтілген шұғыл кеңес өткізді

>АЛМАТЫ. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов Алматыда жұмыс сапарымен жүр,

Ішкі істер министрі Алматы  қалалық ІІД-інде кеңейтілген шұғыл кеңес өткізді

 деп  хабарлайды  ҚазАқпарат.

 Бүгін таңертең Ішкі істер министрі қала әкімі Ахметжан Есімовтың қатысумен ішкі істер департаментінің кеңейтілген шұғыл кеңесін  өткізді. Отырыс барысында қалалық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Ерлан Тұрғымбаев пен оның орынбасарлары, аудандық ішкі  істер бөлімінің бастықтары қаладағы ахуал туралы есеп берді. Олардың есебін тыңдаған Ішкі істер министрі ІІД құрамына қылмыстық топтармен, есірткімен күресті, учаскелік полиция мен патрульдік полиция қызметін күшейтуді, жол полициясы мен полиция құрамындағы жемқорлықпен күресті жандандыруды тапсырды.

         Министр, әсіресе, Алматыдағы криминалдық ахуалға баса назар аударды. Ірі мегополисте еліміздегі барлық тіркелген қылмыстың 12 пайызы орын алады. Соңғы уақытта Алматыда  қылмыстың (-14,2 %) төмендеуі байқалады. Атап айтқанда, көлік құралдары мен бөтеннің мүлкін ұрлау, қарулы шабуыл, кісі тонау, кісі өлтіру оқиғалары азайған. Жасөспірімдер арасындағы қылмысты төмендетуге қол жеткізілді. Жекелеген қылмыс түрлерін ашу жақсарды. Әйтсе де қаладағы ахуал әлі де болса күрделі күйінде қалуда. Пәтер ұрлығы, әйел зорлау, ауыр тән жарақатын салу оқиғалары өсіп отыр. Ұрлықтың ашылуы азайған. С. Баймағанбетов ұрлық қылмыстарын ашуда, соның ішінде автокөлік құралдары ұрлығының ізін кесу мен оның алдын алуда қосымша шараларды пысықтап, жағдайды жете талдауды тапсырды.

         Министр бұнымен қатар, Алматы қалалық ІІД тұрақты полиция бекеттерінің, қылмыстық зертханалардың, жылжымалы шағын  жедел басқару орындарының, жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Қазақстан Республикасы ІІМ Академиясында, сонымен бірге арнайы мақсаттағы полиция бөлімдері мен арнаулы мекемелерде, Бостандық аудандық ІІБ-да болып, кинологиялық қызмет орталығын аралап көрді. Бүгін, сондай-ақ Алматы облыстық ІІД басшылығымен жедел кеңес өткізді.