Ішкі істер министрі С.Баймағанбетов «Отан-Ана» монументіне гүлдестелерін қойды
АНА. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін, маусымның 23-і - Қазақстан полициясы күнін атап өту шеңберінде ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетовтың қатысуымен «Отан-Ана» монументіне гүлдестелерін қою салтанаты өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Салтанатты рәсімге Ішкі істер министрлігінің басшылығы, ведомствоның қызметкерлері, Ардагерлер кеңесінің өкілдері, полиция ардагерлері мен міндеттерін атқару барысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің туыстары қатысты.
Қатысушылар жұмыс бабында көз жұмған қызметкерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алғаннан кейін, құрметті қарауыл ротасы салтанатты маршпен жүріп өтті.
Гүлдестелерін қою рәсімінен кейін ІІМ-нің орталық аппаратында салтанатты жиналыс болды. Онда министр ерекше көзге түскен полиция қызметкерлеріне ведомстволық наградаларды табыс етті.
С.Баймағанбетовтың атап өткеніндей, ішкі істер органдары Елбасының қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге және қылмысқа қарсы күресті күшейтуге қатысты қойған міндеттерін нәтижелі орындап отыр. «Елімізде қылмысқа қарсы табанды күрес жүргізу және құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту үшін қазақстандық полицияның барлық қажетті жағдайлары мен мүмкіндіктері бар. Алда бізді маңызды да жауапты істер күтіп тұр», - деді ол.
Жиын ішкі істер органдарының шығармашылық ұжымдары әзірлеген мерекелік концертпен жалғасты.