Ішкі істер министрлігі академиясын 220 түлек бітірді

АЛМАТЫ. Маусымның 14-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін ҚР ІІМ-нің академиясында 220 жас офицерге салтанатты жағдайда диплом тапсырылды.

Ішкі істер министрлігі академиясын 220 түлек бітірді

Биылғы түлектердің 20-сы үздік диплом алған. «Барлық уақытта ІІМ-нің академиясы өз ісінің нағыз кәсіби мамандарын шыңдап шығаратын оқу орны саналады. Біздің оқу орны құқық қорғау органдарының жоғары білімді мамандарын бірнеше уақыттан бері дайындап келеді. Бірнеше толқын біздің қабырғамыздан түлеп ұшты. Осы уақыт аралығында жас офицерлердің салтанатты шеруі, оқу орнының рәміздерімен қоштасу, тағы да басқа дәстүрлері жылдан-жылға жалғасып келеді. Биыл да осындай салтанатты жағдайда 220 түлекті офицерлік өмірге аттандырып отырмыз», дейді академия бастығының орынбасары полиция полковнигі Алтынғали Әбдіғалиев.

Шараға Алматы қаласы ІІД-нің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаев қатысып, үздік түлектерге диплом тапсырды. Оның айтуынша, академия түлектері әр уақытта құқық қорғау саласындағы терең білімдерімен көзге түсіп келеді. «Бүгінде академия түлектері жедел-іздестіру, криминалдық құрылымдардың негізгі мамандары ретінде саналады. Жыл сайын академия түлектерінің бір бөлігі Алматы полициясына қызметке алынады. Биылғы жылы да 220 түлектің 41-і Алматы полициясына қызметке орналасып отыр», дейді Ерлан Тұрғымбаев.