Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті арттыруды көздеп отыр

АСТАНА. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті арттыруды көздеп отыр.

Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті арттыруды көздеп отыр

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның деректеріне қарағанда, қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты заң жобасы қаралуда. Аталмыш құжат кәмелетке толмаған жасөспірімдердің ересек туыстарынсыз түнгі 11-00-ден таңғы 6-00-ге дейін үйден тыс жерлерде жүрулеріне тыйым салады. «Сонымен қатар Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралуда. Бұл құжат кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық саясатты ізгілендіруді қарастырады», деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, биылғы жылдың мамыр айында жаз мезгілінде кәмелетке толмағандардың арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында мектеп инспекторларының қызметіне қатысты дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған Білім және ғылым, Спорт және туризм министрліктері мен Қазақстандағы «Дағдарыс орталықтарының одағы» заңды тұлғалар ұйымы мен «Жас Отан» жастар қанаты ұйымының өкілдері қатысты. Отырыстың қорытындысы бойынша Ішкі істер министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі бірлесіп жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстық әрекеттерді сауықтыруға бағытталған Іс-шаралар жоспарын бекітті. Оған сәйкес, алдағы уақытта жергілікті органдар арқылы балаларға жазғы демалыс орындары мен лагерьлерге жолдама беріліп, Ішкі істер министрлігінде есепте тұрған және жайсыз отбасының балаларын жұмыспен қамту шаралары қарастырылады.

Комитет төрағасы келтірген мәліметтер бойынша, соңғы 5 жылда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар саны жыл сайын 6-7 пайызға кеміп отыр. Мысалы 2004 жылы балалардың қатысуымен 6 мың 500 қылмыс тіркелсе, 2009 жылы аталмыш көрсеткіш 4 мың 700-ді құрап, қылмыс 27 пайызға кеміген. Ал биылғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, жасөспірімдер қылмысы 14,8 пайызға азайып отыр.