Ішкі істер министрлігі тәртіп сақшыларының қатарын кездейсоқ адамдардан тазартуға белді бекем буып отыр - министрлік өкілі
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Ішкі істер министрлігі тәртіп сақшыларының қатарын кездейсоқ адамдардан тазартуға барынша күш салып отыр.
Ендігі жерде министрліктің кадр саясатына байланысты мәселелері барынша ашық әрі жариялы болады», - дейді министрліктің Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Ернұр Уәли. Бұл туралы ол бүгін журналистермен болған апталық брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Министрлік басшылығы ішкі істер органдары үшін Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру жөніндегі жұмыстардың нақты бағыттарын белгілеп берді. Енді тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті күшейту, көшелердегі және жастар арасындағы қылмыстармен күрес, ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы шараларды қатаң түрде жүргізеді. Сонымен қатар нашақорлық пен есірткі қылмыстары және жасалған қылмыстарға қатысты берілетін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету де полицейлердің басты назарында болады», - дейді департамент бастығының орынбасары. Сондай-ақ ол елдегі қылмыстық ахуалдың шиеленісіне жол бермеу де полиция қызметкерлеріне қойылар басты талаптардың бірі екендігін атап көрсетті. «Біз өз арамыздағы жемқорлықпен күресті күшейтіп, министрліктің барлық құрылымдарын кездейсоқ адамдардан тазартамыз. Сондай-ақ алдағы уақытта барлық кадр мәселесіне қатысты өзгерістер ашық әрі жариялы түрде болады. Ал кадрларға қойылатын негізгі талаптар - кәсіби шеберлік пен олардың өз қызметтеріне деген адалдығы», - деді Е.Уәли.